A+ A A-

talgatzhan 41 Бүгін, 09:35 0

Көлік министрлігі жүргізушілерге үндеу жасады

Бүгін / Республика

Жазғы маусымда республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында көлік қозғалысы күшейгеніне байланысты Көлік министрлігі жүргізушілерді жол қозғалысы қағидаларын қатаң сақтауға шақырды, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.

Ведомство жүргізушілерге белгіленген жылдамдық режимін сақтау, басып озу қағидаларын бұзбау, шаршаған күйде көлік басқармау, сондай-ақ қозғалыс қарқыны жоғары учаскелерде және түнгі уақытта ерекше сақ болу қажеттігін ескертті. Сонымен қатар балаларды тасымалдау кезінде қауіпсіздік белдіктері мен арнайы балаларға арналған құрылғыларды міндетті түрде пайдалану керектігі атап өтілді.

Талдауға сәйкес, жол-көлік оқиғаларының негізгі себебі – жүргізушілердің жол қозғалысы қағидаларын сақтамауы. Барлық жол апатының 91%-ы өрескел құқық бұзушылықтармен байланысты. Оның ішінде жылдамдықты арттыру – 33%, көлік құралын басқаруды жоғалту – 14%, арақашықтықты сақтамау – 13%, жол белгілерінің талаптарын елемеу – 10%.

«Жол қозғалысына қатысушы әрбір адамның тәртібі мен жауапкершілігі жол қауіпсіздігінің басты кепілі болып қала береді, өйткені жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі адам факторынан туындап отыр», – деп атап өтті Көлік министрлігі.

Ведомствоның мәліметінше, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында жол-көлік оқиғаларының саны 9%-ға азайып, 1 507-ден 1 371 жағдайға дейін төмендеген. Бұл ретте көлік қозғалысының қарқындылығы 37%-ға артып, алты айда 22,3 млн көлік құралын құрады.

Жол-көлік оқиғаларының азаюына жалпы ұзындығы 2,3 мың шақырым ақылы жол учаскелерінде енгізілген орташа жылдамдықты бақылау жүйесі де ықпал еткен. Соның нәтижесінде аталған жолдардағы жол апатының саны 17%-ға қысқарған.

Соңғы бес жылда республикалық маңызы бар 11 мың шақырым автомобиль жолының 45%-ы I және II техникалық санаттарға ауыстырылды. Нәтижесінде қарсы бағыттағы көлік ағындары бөлініп, жолдың жүру бөлігі кеңейтілді. Сонымен қатар транзиттік көлікті елді мекендерден шығару үшін 65 айналма жол мен 38 жерүсті жаяу жүргіншілер өткелі салынды.

«Жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру бағдарламасы аясында жолдағы жағдай мен жылдамдық режимі туралы ақпарат беретін жол белгілері мен ауыспалы ақпараттық таблолар орнатылды. Сондай-ақ 22 ақылы жол учаскесінде жылдамдықты бақылауға арналған 56 лазерлік құрылғы іске қосылды. Бұдан бөлек, жыл сайын 8 мыңнан астам жол белгісі ауыстырылып, жол таңбалары жаңартылып, бағдаршамдар мен жаяу жүргіншілер өткелдері орнатылады», – делінген министрлік хабарламасында.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив