Қазақстанда әлеуметтік қызметкерлер институтын дамыту және көрсетілетін әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, әлеуметтік қызметкерлер қарттарға, мүгедектігі бар адамдарға, балалы отбасыларға және қолдауды қажет ететін өзге де азаматтарға күн сайын қолдау көрсетеді. Осыған байланысты министрлік оларды даярлау мен кәсіби біліктілігін арттыру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді.
«Соның арқасында мамандар жаңа білім мен тәжірибе жинақтап, азаматтарға сапалы әрі уақытылы әлеуметтік қолдау ұсынады», – деп мәлімдеді министрлік.
Қазіргі таңда еліміздің әлеуметтік қорғау жүйесінде 12 мыңға жуық әлеуметтік қызметкер еңбек етеді. Оның ішінде 1 251 маман үкіметтік емес секторда жұмыс істейді.
Әлеуметтік қызметкерлердің 55,5%-ы ауылдық жерлерде, ал 44,5%-ы қалаларда қызмет атқарады.
Олардың басым бөлігі – 9 532 маман арнайы әлеуметтік қызметтерді азаматтардың үйіне барып көрсетеді. Сонымен қатар 1 020 маман стационарлық ұйымдарда, 998 маман жартылай стационарлық мекемелерде, ал 451 маман уақытша болу ұйымдарында еңбек етеді.
«Министрлік әлеуметтік қызметкерлерді даярлау және олардың кәсіби деңгейін жетілдіру жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырып келеді», – делінген хабарламада.
Пікірлер