A+ A A-

talgatzhan 35 Бүгін, 13:00 0

Қазақстанда әуе билеттері қымбаттады: Оның себебі неде?

Бүгін / Республика

Қазақстанда әуе билеттерінің бағасы қайтадан өсті. Сарапшылардың айтуынша, бұған әлемдік және ішкі нарықтағы бірнеше фактор әсер етіп отыр. Ranking.kz деректерінше, авиакеросиннің қымбаттауы, әуе компанияларының техникалық қызмет көрсету шығындарының артуы және жазғы демалыс маусымындағы сұраныстың жоғарылауы билет бағасының көтерілуіне себеп болған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі BAQ.KZ  сайтына сілтеме жасап. 

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2026 жылдың шілде айында елдегі әуе жолаушыларын тасымалдау қызметтерінің бағасы маусыммен салыстырғанда 3,2%-ға өскен. Бұл жыл басынан бергі алғашқы өсім емес. Ақпан айынан бері әуе тасымалы қызметтерінің тұтыну бағалары индексі тұрақты түрде 100%-дан жоғары деңгейде қалыптасып келеді. Ең үлкен өсім наурыз және сәуір айларында байқалып, көрсеткіш тиісінше 106,6% және 105,4%-ды құраған.

Бір жылда билет құны 10%-дан астам өсті

Бағаның ай сайынғы өсуі жылдық көрсеткіштерге де әсер етті. Биылғы шілдеде әуе билеттерінің бағасы өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 10,8%-ға қымбаттаған. Маусым айында бұл көрсеткіш 8,8% болған еді.

Дегенмен қазіргі өсім өткен жылдың соңы мен биылғы жылдың басындағы жағдаймен салыстырғанда аса жоғары емес. Ол кезде әуе тасымалы қызметтерінің бағасы бір жыл ішінде 30-39%-ға дейін қымбаттаған болатын.

Қымбатшылыққа қарамастан, қазақстандықтар ұшудан бас тартпаған

Статистика халықтың әуе көлігіне деген сұранысы төмендемегенін көрсетеді. Егер 2020 жылы Қазақстанда 5,5 миллион жолаушы тасымалданса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 14,4 миллион адамға жеткен.

Өсім 2025 жылы және 2026 жылдың алғашқы жартысында да жалғасты. Қаңтар-маусым аралығында әуе компаниялары 7,4 миллион жолаушыны тасымалдаған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,6%-ға көп. Жолаушылар тасымалының жалпы көлемі 7,9%-ға артып, 15,3 млрд көрсеткішке жетті.

Әуе компанияларының негізгі табысы халықаралық рейстерден түседі

Саладағы табыстың басым бөлігі жолаушылар тасымалынан қалыптасады. Былтыр әуе компанияларының жалпы кірісінің 97,5%-ы жолаушылар тасымалынан түскен.

Сонымен қатар табыстың негізгі бөлігі халықаралық бағыттар есебінен қамтамасыз етіледі. Мәселен, өткен жылы жолаушылар тасымалынан түскен 959,9 млрд теңгенің 578,9 млрд теңгесі немесе 60,3%-ы халықаралық рейстердің үлесіне тиген.

Ал ішкі рейстерден түскен табыс жалпы кірістің шамамен 40%-ын ғана құраған. Соған қарамастан, ел ішіндегі рейстер саны халықаралық бағыттарға қарағанда үш есе көп болған. Бұл халықаралық бағыттардың әуе компаниялары үшін әлдеқайда табысты екенін көрсетеді.

Әуе тасымалдаушыларының табысы мен салық төлемдері артып келеді

Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің деректері әуе тасымалы саласының пандемиядан кейін тұрақты қалпына келгенін көрсетеді. Соңғы жылдары ірі әуе компанияларының бюджетке төлейтін салық көлемі де өсіп келеді.

Салық төлемдері бойынша көш бастап тұрған компания – Air Astana. Өткен жылдың қорытындысы бойынша компания бюджетке 46,1 млрд теңге аударған.

Оның еншілес лоукостері FlyArystan да қарқынды дамып келеді. Компанияның 2026 жылдың қаңтар-шілде айларындағы салық төлемдері 13,8 млрд теңгеге жетіп, 2025 жылдың толық жылдық көрсеткішінен асып түскен.

Сондай-ақ SCAT Airlines тұрақты өсім көрсетіп келеді және бюджетке төлейтін салық көлемі бойынша екінші орында тұр. Ал Qazaq Air өз нарықтық сегментіне сәйкес салыстырмалы түрде тұрақты көрсеткіштерді сақтап отыр.

Бағаның өсуі тоқтай ма?

Сарапшылардың бағалауынша, әуе билеттерінің қымбаттауына әсер етіп отырған негізгі факторлар – авиаотын бағасы, техникалық қызмет көрсету шығындары, халықаралық нарықтағы инфляциялық қысым және сұраныстың жоғары болуы. Сондықтан жақын арада билет бағасының айтарлықтай арзандауына негіз болатын факторлар әзірге байқалмайды. Алайда жолаушылар ағынының тұрақты өсуі Қазақстанның авиация нарығында сұраныстың әлі де жоғары екенін көрсетіп отыр.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив