Қазақстанда 6 миллионға жуық жас азамат тұрады. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов Халықаралық жастар күніне арналған брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
Оның айтуынша, бүгінде жастар ел халқының шамамен үштен бірін құрайды. Осыған байланысты жастар саясаты білім беру немесе жұмыспен қамтумен ғана шектелмей, бірқатар маңызды бағытты қамтиды.
– Жастар саясаты – тек өскелең ұрпаққа ғана қатысты мәселе емес, тұтас елдің бүгіні мен келешегін айқындайтын маңызды бағыт. Ол білім беру, еңбек нарығы, тұрғын үй, отбасы, кәсіпкерлік, жаңа технологиялар, мәдениет, креативті индустриялар, өңірлерді дамыту және азаматтық белсенділік секілді маңызды бағыттарды қамтып отыр, - деді вице-министр.
Кейінгі жылдары жастар саясаты саласында бірқатар өзгеріс енгізілді. Соның бірі – жастар санатына жататын азаматтардың жас шегін 35 жасқа дейін ұлғайту.
– Соның нәтижесінде мемлекеттік қолдау шараларына қатыса алатын азаматтар қатары кеңейді. Қазір елімізде 2023-2029 жылдарға арналған мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасы жүзеге асырылып жатыр. Оны іске асыру жоспарына 80-нен астам іс-шара мен жоба енгізілді, - деді спикер.
Сонымен қатар жүргізілген зерттеу жастардың басым бөлігі елдің болашағына оң көзқараспен қарайтынын көрсеткен. «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының дерегіне сәйкес, қазақстандық жастардың 82,7 пайызы ел болашағына сеніммен қарайды.
– Ендігі міндет – жастардың осы сенімін нақты мүмкіндіктермен ұштастыру. Ол үшін сапалы білім алуға, жұмысқа орналасуға, баспаналы болуға, кәсіп бастауға және өз қабілетін жүзеге асыруға жағдай жасау көзделіп отыр, - деді Евгений Кочетов.
Пікірлер