A+ A A-

talgatzhan 35 Бүгін, 12:00 0

Қазақстанда көмір бағасы 2022 жылдан бері қалай өзгерді

Бүгін / Республика

Қазақстанда көмірдің бастапқы көтерме нарығындағы бәсекелестік деңгейі төмен болып отыр. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі (БҚДА) 2024–2025 жылдардағы нарыққа жүргізген талдауын аяқтап, оның жоғары шоғырланумен, өзгермейтін олигополиялық құрылыммен және жекелеген компаниялардың басым болуымен сипатталатынын анықтады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.

Агенттік мәліметінше, коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге арналған көмір нарығында 2024 жылы ERG компаниялар тобы мен «Қаражыра» АҚ-ның жиынтық үлесі 74,8%, ал 2025 жылы 67,9% болған. Энергия өндіруші ұйымдарға арналған көмір нарығында «Богатырь Көмір» ЖШС мен «Kazakhmys Coal» ЖШС-ның жиынтық үлесі — 84,1% және 81,6%.

Ал өнеркәсіптік қажеттіліктерге арналған көмір нарығында ERG компаниялар тобының үлесі 2024 жылы 62,3%, 2025 жылы 69,1% болған.

Нарықтағы жоғары шоғырлану көмір өндіруге қажетті ресурстарға қолжетімділіктің шектеулі болуымен байланысты. БҚДА мәліметінше, қазіргі уақытта негізгі кен орындарының барлығы нарық субъектілері арасында бөлінген. Сонымен қатар 25 жылға және одан да ұзақ мерзімге жасалған, әрі қарай ұзарту мүмкіндігі бар мерзімсіз шарттар қолданылады.

— Бұл ретте көмір бағасының өсу динамикасы да жоғары деңгейде қалып отыр. 2022-2025 жылдары республика бойынша бастапқы көтерме өткізу кезінде коммуналдық-тұрмыстық көмір бағасы орта есеппен 30-35%-ға, ал энергетикалық көмір бағасы 45%-ға өскен. Осы жағдайға байланысты БҚДА энергетикалық және коммуналдық-тұрмыстық көмір нарықтарындағы өзгермейтін олигополиялық құрылымның сабақтас тұтынушылық нарықтардағы бәсекелестікке әсер ету тәуекелдерін азайтуды көздейтін бірқатар шараны бастамашылық етті, — делінген хабарламада.

Олардың қатарында энергетикалық және коммуналдық-тұрмыстық көмір бағаларын реттеуді енгізу, тауар биржасы арқылы өткізілетін көмір көлемін 52%-ға дейін ұлғайту, сондай-ақ биржадан тыс өткізу көлемдерін негізгі қуат ретінде тану және кейіннен оларды цифрлық платформаларға шығару бар.

Талдау барысында бәсекелестікті шектейтін тағы бірнеше фактор анықталған. Атап айтқанда, жер қойнауын пайдаланушылармен жасалатын шарттардағы міндетті төлемдер мөлшерін белгілеуге қатысты айырмашылықтар бар. Бұдан бөлек, жекелеген субъектілерге көмір экспорттауға айрықша құқық беру тетігінің ашықтығы жеткіліксіз.

Нарық қатысушылары «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-мен тасымалдау жоспарларын келісу рәсімдерінде де ашықтық пен болжамдылық жеткіліксіз екенін айтқан. Бұл, әсіресе, қажетті тауар көлемін тасымалдауға рұқсат беру мәселесіне қатысты.

Осыған байланысты БҚДА уәкілетті органдарға көмір экспорттауға айрықша құқық берілген сыртқы сауда қызметіне қатысушылар тізбесіне енгізу критерийлерін белгілеуді ұсынды. Сондай-ақ бір тауар нарығындағы субъектілер үшін тең жағдай жасауды және «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ теміржол инфрақұрылымының өткізу қабілеті туралы ақпараттың ашықтығын арттыруды ұсынды.

Агенттік талдау барысында көмір нарығындағы негізгі қуат иелерін де анықтады. Коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге арналған көмір бойынша олар — «Шұбаркөл Көмір» АҚ мен «Қаражыра» АҚ. Энергия өндіруші ұйымдардың қажеттіліктеріне арналған көмір бойынша — «Богатырь Көмір» ЖШС мен «Kazakhmys Coal» ЖШС. Ал өнеркәсіптік қажеттіліктерге арналған көмір бойынша негізгі қуат иелері ретінде «Еуразиялық энергетикалық корпорация» АҚ мен «Шұбаркөл Көмір» АҚ белгіленді.

Бұл субъектілер негізгі қуат иелері ретінде танылғаннан кейін көмірді өткізу негізгі қуатқа тең қол жеткізу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

Бұған дейін БҚДА 2022 жылы көмірді көтерме өткізу нарығына жүргізген талдау кезінде «Қаражыра» АҚ-ның үстем жағдайын теріс пайдалану белгілерін анықтаған. Тергеу қорытындысында компанияның монополияға қарсы заңнаманы бұзғаны анықталып, оған 87,4 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынған.

Қазіргі уақытта сот шешімі заңды күшіне енген. Айыппұл ерікті түрде төленіп, монополиялық кіріс толық көлемде мемлекет кірісіне тәркіленген.

БҚДА жаңа кезеңде монополиялық баға белгілеу фактілері анықталған жағдайда тиісті нарық субъектілеріне қатысты монополияға қарсы ден қою шаралары қабылданатынын мәлімдеді.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив