A+ A A-

talgatzhan 20 Бүгін, 13:45 0

С.Аманжолов университетінің бойшаң түлегі Аяжан Амангелді баскетболдағы биік белестерді көздейді

Бүгін / Өскемен / Сұхбат / Спорт

С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті – өңірдегі білім мен ғылымның, өнер мен спорттың дамуына үлес қосып келе жатқан іргелі оқу орындарының бірі. Жыл сайын білім ордасынан түрлі саладағы білікті мамандар түлеп шығады. Олардың қатарында спортшылар, өнер иелері, ғалымдар мен білім саласының мамандары бар. Биыл бакалавриат бағдарламасы бойынша 2143 студент оқуын сәтті аяқтап, диплом алды. Оның ішінде 166 түлек үздік диплом иегері атанды. Солардың бірі – Педагогика жоғары мектебінің түлегі Аяжан Амангелді. Диплом табыстау рәсімінде бойымен көпшіліктің назарын аудартқан Аяжанның бойы – 2 метр 5 сантиметр. Қазір ол кәсіби спортпен айналысып, баскетболдағы жолын қалыптастырып келеді. Біз бойшаң спортшымен оның студенттік шағы, спорттағы жетістіктері, күнделікті өмірдегі қызықты сәттері және асқақ армандары туралы әңгімелестік, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

– Алдымен өзіңіз туралы айтып берсеңіз…

– Туған жерім – Тараз қаласы. Қазір кәсіби спортпен айналысамын. Негізгі бағытым – баскетбол, алаңдағы позициям – орталық ойыншы. Спорттық жолымды волейболдан бастап, кейін баскетболға ауыстым. С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетіне 2022 жылы оқуға түсіп, дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша білім алдым. Биыл университетті тәмамдап, дипломымды қолыма алдым.

 

– Бойыңыз қай уақытта күрт өсе бастады?

– Бойым жасөспірім кезімде қатты өсе бастады. Әсіресе оқушы кезімде қатарластарымнан біртіндеп ерекшелене бастадым. Сол кезде өзім де бойымның осындай ұзын болатынын елестеткен жоқпын. – Бойыңыздың ұзын болуы өміріңізге қалай әсер етті?

– Бойымның ұзын болуының артықшылығы да, қиындығы да бар. Спортта, әсіресе баскетболда, бұл – үлкен артықшылық. Ал күнделікті өмірде қиындық туғызады. Мысалы, киім мен аяқ киім табу, көлікке отыру, стандартты жиһаздарды пайдалану сияқты қарапайым дүниелердің өзі ыңғайсыз болуы мүмкін. Бірақ уақыт өте келе осының бәріне бейімделіп кеттім.

 

– Күнделікті өмірде бойыңызға байланысты қандай қызықты немесе күлкілі жағдайлар болып тұрады?

– Ондай жағдай күнделікті өмірде жиі кездеседі. Мысалы, адамдар менің бойымды көріп, бірден «баскетбол ойнайсыз ба?» деп сұрайды. Кейде таныс емес жандар да бойымды өлшегісі келеді немесе суретке түсуді сұрайды. Қоғамдық көлікте, ұшақта немесе қоғамдық орындарда өзіме ыңғайлы жер табу да «квест» сияқты.

 

– Киім мен аяқ киім табу қиындық туғыза ма?

– Иә, бұл – мен үшін ең ауқымды тұрмыстық қиындықтардың бірі. Әсіресе аяқ киім табу оңай емес. Киімнің ұзындығы да сәйкес келе бермейді. Сондықтан өзіме ұнайтын әрі өлшеміме сай нәрсе тапсам, бірден сатып алуға тырысамын.

 

– Университетке түскенде адамдардың реакциясы қандай болды?

– Университетке алғаш келген кезде айналамдағылардың көбі бірден бойыма назар аударатын. Кейбіреулер тіпті қасыма келіп, бойымды сұрайтын. Бұрын ыңғайсызданатынмын. Қазір қалыпты қабылдаймын.

 

– Студенттік шақта есте қалған ерекше оқиғамен бөлісе аласыз ба?

– Студенттік шақ — мен үшін өте қызықты кезең. Сабақ пен спортты қатар алып жүруге тура келді. Есте қалған сәттердің бірі – университетті аяқтап, дипломымды алған күн. Бірнеше жыл бұрын осы оқу орнына студент болып келген едім. Ал сол сәтте диплом алып, өмірімнің жаңа кезеңіне қадам басып тұрғанымды сезіндім.

– Қазақстандағы ең бойшаң түлектердің бірі ретінде диплом алып, артынша өзіңіз туралы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің жаппай жаза бастағанын көргенде қандай сезімде болдыңыз?

– Шынымды айтсам, мұндай қызығушылық болады деп күтпедім. Диплом алған сәттің өзі мен үшін ерекше болды. Ал кейін өзім туралы БАҚ-та жазылып, адамдардың назар аударғанын көру қуанышты әрі қызық сезім сыйлады. Өзімнің ерекшелігім арқылы университетімді де танытып жүргеніме қуаныштымын.

– Ал спортқа қашан және қалай келдіңіз?

– Мен спортқа 13 жасымда келдім. Алғашында дзюдомен айналыстым, кейін волейболға ауыстым. Бірнеше жыл волейбол ойнап, Қазақстан чемпионы атандым. Сонымен қатар Азия чемпионатында да жүлдеге ие болдым. Ал баскетболға шамамен бір жарым жыл бұрын ауыстым. Қазір кәсіби деңгейде шұғылданып жүрмін.

 

– Бойыңыздың ұзындығы спорттағы жетістіктеріңізге қаншалықты көмектеседі?

– Волейболда да, баскетболда да бойдың ұзын болуы – үлкен артықшылық. Әсіресе баскетболда 205 сантиметр бойым сақина маңындағы күресте, допқа таласта және қорғаныста көп көмектеседі. Бірақ тек бой ғана әсер етеді деген қатып қалған қағида жоқ. Техника, жылдамдық, күш, еңбекқорлық және тәртіп те өте маңызды.

 

– Қазақстандағы бойшаң қыздарға немесе өз ерекшелігін қабылдай алмай жүрген жастарға қандай кеңес берер едіңіз?

– Ең бастысы – ұялмау. Бір кездері мен де бойымның ұзындығына байланысты өзімді ыңғайсыз сезінетінмін. Кейін түсіндім: бізді өзгелерден ерекшелендіретін нәрсе – әлсіздік емес, керісінше артықшылығымыз болуы мүмкін. Өзіңді өзгелермен салыстырмай, дұрыс қабылдап, сол ерекшелігіңді өз пайдаңа жарата білу керек.

 

– Алдағы уақытта қандай жоспарларыңыз бар?

– Қазіргі басты мақсатым – кәсіби баскетболда өзімді толық көрсету, тәжірибе жинау және жоғары деңгейге көтерілу. Баскетболға келгеніме көп уақыт болмағандықтан, әлі де үйренетінім көп. Болашақта Қазақстан атынан халықаралық деңгейде өнер көрсетіп, үлкен жетістіктерге жеткім келеді.

 

– Ал нені армандайсыз?

– Болашақта WNBA сияқты әлемдік деңгейдегі лигада ойнағым келеді. Сонымен қатар спорттағы жолым арқылы басқа қыздарға да мотивация беруді қалаймын. Өзім сияқты ерекшелігі бар қыздардың өзіне сенімді болуына үлес қоссам, бұл — мен үшін үлкен жетістік.

 

– Сұхбат соңында университетіңізге және болашақ түлектерге қандай тілек айтасыз?

– С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетке маған берген білімі, студенттік жылдардың ерекше естеліктері және жаңа мүмкіндіктер үшін алғыс айтқым келеді. Білім ордасының одан әрі дамып, талай дарынды жастарға жол ашуына тілектеспін. Ал болашақ түлектерге өз армандарынан бас тартпауды, білім алып қана қоймай, өздерін жан-жақты дамытуды және қандай қиындық кездессе де алға ұмтылуды тілеймін. Әрқайсысы өз жолын тауып, үлкен жетістіктерге жетсін.

 

- Әңгімеңізге көп рахмет!

- Сіздерге де рахмет! Шығармашылық табыс тілеймін!


Әдемі АМАНГЕЛДІ

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив