
Бүгін Қазақстан мектептерінде 2026–2027 оқу жылы басталды. Биыл елдгі 8 мыңнан астам мектепте 4,1 млн оқушы білім алады. Оның ішінде 380 мыңнан астам бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Жаңа оқу жылында білім беру мазмұнына бірқатар өзгеріс енгізіліп, мектептерде жаңа оқу курстары мен жасанды интеллект технологияларын енгізуге бағытталған жобалар іске қосылады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
1 қыркүйекте алғашқы қоңырау қалай өтеді?
Жаңа оқу жылының алғашқы күнінде еліміздің барлық мектебінде бірыңғай сынып сағаттары өткізіледі. Ал колледждерде кураторлық сағаттар ұйымдастырылады.
Бұл туралы Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтқан болатын.
- 1 қыркүйекте еліміздің мектептерінде бірыңғай сынып сағаттары өткізіледі. Ал колледждерде кураторлық сағаттар ұйымдастырылады, – деді Шынар Ақпарова.
Оның айтуынша, сынып сағаттары барлық сыныптарда өтеді. Әр іс-шараға шамамен 45 минут уақыт жоспарланған.
Биыл мектепке 4,1 млн оқушы барады
Қазіргі уақытта елімізде 8 мыңнан астам мектеп жұмыс істейді. Оның 5 мыңнан астамы ауылдық жерде орналасқан. Биыл мектептерде 4,1 млн оқушы білім алады.
Бірінші сыныпқа 380 мыңнан астам бала қабылданды. Сонымен қатар биыл 227 мың оқушы 11-сыныпқа көшті. Өткен оқу жылында 230 мыңнан астам оқушы мектеп бітірді.
Бірінші сыныпқа құжат қабылдау биыл «OQU» бірыңғай платформасы арқылы кезең-кезеңімен жүргізілді. Өтініштердің 88,7 пайыздан астамы электронды форматта қабылданды.
Мектеп бағдарламасына жаңа пәндер мен курстар енгізіледі
Жаңа оқу жылынан бастап білім беру мазмұны бірқатар міндетті оқу курстарымен толықтырылады.
Атап айтқанда, 5–7 сыныптарда «Конституция негіздері», 8–11 сыныптарда «Заң және Тәртіп», ал 5–11 сыныптарда «Жеке қауіпсіздік» міндетті оқу курстары енгізіледі.
Бұған дейін таңдау пәні ретінде оқытылып келген «Құқық негіздері» курсы барлық оқушы үшін міндетті пәнге айналады. Оның мазмұны Жаңа Конституция қағидаттарына сәйкестендірілді.
Сонымен қатар үлгілік оқу жоспарларының құрылымы оңтайландырылып, оқушылардың барлық оқу пәндеріне толық қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін қысқартылған үлгілік оқу жоспарлары алынып тасталды.
Жасанды интеллект мектептерге енгізіледі
Жаңа оқу жылының ерекшеліктерінің бірі – жасанды интеллектіні орта білім беру жүйесіне енгізу.
Осы мақсатта «Цифрлық сауаттылық» және «Информатика» пәндерінің атауы өзгертілді. Білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу бойынша 2026–2029 жылдарға арналған кешенді жоспар әзірленді.
1 қыркүйектен бастап Павлодар және Қызылорда облыстарындағы 10 шағын жинақты мектепте жасанды интеллект технологияларын қолдануға арналған пилоттық жоба іске қосылады.
Жалпы пилоттық кезеңде жоба 500 шағын жинақты мектепті қамтиды. Ал 2029 жылға дейін оны еліміздегі 2 600 шағын жинақты мектепке дейін масштабтау жоспарланып отыр.
Мектептерде жаңа кабинеттер ашылады
Мектептерді пәндік кабинеттермен жабдықтау жұмыстары да жалғасып жатыр. Жоспарланған 1 409 кабинеттің 1 007-сі, яғни 70 пайызы жеткізілді.
Сонымен қатар жалпы жобалық қуаты 117 мың оқушы орны болатын 178 мектепте күрделі жөндеу жүргізілуде. Оның 91-і ауылдық, 87-сі қалалық мектеп.
Қазір 59,3 мың оқушы орнына арналған 101 мектептің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 38,2 мың оқушы орнына арналған 72 мектептің құрылысын аяқтау жоспарланған.
Колледждерде 133 мың студент қабылданады
Жаңа оқу жылында еліміздегі 763 колледжде 556 мың студент білім алады.
Биыл мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында колледждерге 133 мың студент қабылдау жоспарланған. Оның 70 пайызы техникалық бағыттар бойынша кадр даярлауға бағытталады.
Кәсіпорындардың өтінімдері негізінде кейін міндетті түрде жұмысқа орналастыруды көздейтін бағдарлама бойынша 10 мыңнан астам студент қабылданады.
Дуальды оқытумен қамтылған студенттер саны да артты. 2025 жылғы 91 мыңнан 2026 жылы 138,2 мың студентке дейін өсті. Бүгінде дуальды оқыту 552 колледжде 11 мыңнан астам кәсіпорынның қатысуымен жүзеге асырылуда.
Осылайша, жаңа оқу жылында қазақстандық мектептер мен колледждерде білім беру мазмұнын жаңартуға, цифрлық технологияларды енгізуге, оқушылардың қауіпсіздігі мен құқықтық сауаттылығын арттыруға және техникалық мамандар даярлауды күшейтуге бағытталған өзгерістер іске асырылады.
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Пікірлер