
Шығысқазақстандық шахтер Саясат Нұрланұлы 25 жыл бойы жер астында еңбек етіп келеді
Қазақстанда жыл сайын тамыз айының соңғы жексенбісінде Шахтерлер күні атап өтіледі. Бұл – елдің өндірістік әлеуетін арттыруға, энергетика саласының тұрақты жұмыс істеуіне және экономиканың дамуына үлес қосып жүрген мыңдаған кеншілердің еңбегін ұлықтайтын кәсіби мереке. Жер астындағы жұмыс жағдайы әрдайым қауіп-қатерге толы. Соған қарамастан олар өз міндетін абыроймен атқарып, өндірістің үздіксіз жүруіне үлес қосып келеді. Шахтерлер күні қарсаңында KAZ Minerals құрамындағы «Ертіс» кенішінің үңгілеу-бригадирі Саясат Нұрланұлымен еңбегінің ерекшелігі және мамандықтың жауапкершілігі туралы әңгімелестік, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
– Алдымен өзіңіз туралы айтып берсеңіз...
– Мен 1978 жылы Марқакөл ауданындағы Теректі ауылында дүниеге келдім. Бала кезімде ата-әжемнің қолында өсіп, сол кісілерден тәрбие алдым. Өскемендегі техникалық колледжін, кейін Риддердегі тау-кен колледжін тәмамдадым.
– Шахтер мамандығын таңдауыңызға не себеп болды?
– 2001 жылы әскерден келдім. Сол уақытта Алтай кенішінде шахта ашылып, жұмысшылар қажет болды. Сөйтіп, сол жерге жұмысқа орналастым. Оның үстіне, нағашы аталарым Марқакөлде кенші болып жұмыс істеген. Сол себепті шахтер мамандығын таңдаған шығармын.
– Шахтадағы бір жұмыс күніңіз қалай өтеді?
– Таңғы сағат 5-те үйден шығып, 6-да шахтаға барамыз. Сағат 6:40-та басшылардан тапсырма беріледі. Ең алдымен, техникалық қауіпсіздік бойынша нұсқаулықтан өтеміз. Одан кейін дәрігердің тексеруінен өтіп, арнайы киімдерімізді киіп, шахтаға түсеміз. Әркімге қандай тапсырма берілді, сол жұмысты орындаймыз. Бұл жерде техникалық қауіпсіздікке баса назар аударылады. Жұмыс уақыты бекітілген кестеге сәйкес өтеді.
– Бұл мамандықтың сіз үшін ең қиын тұсы қандай? Өзге мамандықтардан ерекшелігі неде?
– Жер астындағы жұмыс өте күрделі. Күн сайын әртүрлі тапсырма беріледі. Оны белгіленген уақытта орындауға тырысамыз. Жұмыс өте күрделі болғандықтан, барлық қиындығын жеке-жеке айтып жеткізу мүмкін емес. Жоғарыда айтып кеткенімдей, техникалық қауіпсіздік талаптарын сақтау маңызды. Өзге мамандықтардан ерекшелігі – біз жер астында жұмыс істейміз. Жер астындағы температура мен ауа қысымына бейімделіп еңбек етуге тура келеді. Бірақ бірнеше жыл жұмыс істегеннен кейін адам оған да үйренеді. Ең бастысы – өз өміріңнің және жаныңдағы жолдастарыңның қауіпсіздігін сақтау. Жұмыс уақыты біткеннен кейін жер бетіне шығамыз, жуынып, тамақтанып, отбасымызға ораламыз. Шахта жердің астында болғандықтан, біз бірнеше метр тереңдікке түсеміз. Оның нақты қанша метрге созылатынын жер астына түсіп жұмыс істейтін шахтерлер ғана жақсы біледі деп ойлаймын. Өйткені әр горизонттың арасы 50 метр болады. Қазір біздің шахтада 16 горизонт бар. Соның ең төменгі деңгейіне дейін түсіп жұмыс істейтін бригадалар да бар. Әрине ол жерде ауа азайып, түрлі газдар болуы мүмкін.
– Жұмыс барысында есте қалған ерекше оқиға болды ма?
– Есте қалған жағдайлардың бірі – шахтаға алғаш рет интернет желісінің жүргізілуі. Қай жылы болғаны есімде жоқ. Өзіміз ауылда тұрғандықтан, интернет желісі барлық жерде бірдей ұстай бермейтін. Сол кезде жердің астында интернет желісінің болып, басшылармен жердің үстінен байланысқа шығып отырғанымызға таңғалғанмын. Сол жағдай маған ерекше әсер қалдырды.
– Шахтер болу адамды қандай қасиеттерге үйретеді?
– Шахтер болу адамды төзімділікке, шыдамдылыққа, әртүрлі психологиялық жағдайларға дайын болуға және дұрыс шешім қабылдауға үйретеді.
– Жұмысыңыздың ең мақтан тұтатын тұсы қандай?
– Биыл қыркүйекте Алтай кенішінде жұмыс істеп жүргеніме 25 жыл толады. Осы уақыт ішінде ешқашан ойымды өзгертіп көрмеппін. Басқа жұмысқа ауысайын немесе жұмысым ауыр деген ой мүлдем болған емес. Бүгінге дейін еңбек демаласынан басқа, ұзақ уақытқа еңбекке жарамсыздық парағын алып көрмеппін. Жұмыс ауыр болғанымен, осы салада жақсы жетістіктерге де жетіп жатырмын. Сондықтан шахтер болғаныма өкінбеймін.
– Жаңадан келген шахтерлерге қандай кеңес берер едіңіз?
– Шахтер мамандығына жастардың көп келе бермейтіні рас. Кен орындарына келетін жастарды негізінен екі топқа бөлуге болады. Біріншісі – таныс-туыстарының, достарының ұсынысымен немесе отбасында шахтерлер болғандықтан осы мамандықты таңдайтын жастар. Екіншісі – тау-кен факультетін бітіріп, жас маман ретінде жұмысқа келетіндер. Олардың көпшілігінде бала кезінен шахтада жұмыс істеуге деген қызығушылық болады. Сондықтан жұмысқа орналасқаннан кейін мамандықтың қыр-сырын тез меңгеріп, тәжірибе жинап, алға ұмтылып жатады. Менің жастарға айтар тілегім – ең алдымен, жұмысқа деген қызығушылық болсын. Одан кейін төзімділік пен жауапкершілік қажет. Шахтер болу оңай емес.
– Шахтерлер күні қарсаңында әріптестеріңізге жылы тілегіңізді білдірсеңіз...
– Әріптестерімді Шахтерлер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Баршаңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, жұмыстарыңызға табыс тілеймін. Әр ауысымнан кейін жер астынан аман-есен шығып, отбасымызға оралайық. Әріптестерімнің еңбегі бағаланып, еңбегіміздің берекесі артсын. Ал осы мамандықты таңдағалы жүрген жастарға айтарым – өз жұмыстарыңызға қызығушылықпен қараңыздар. Қиындықтардан қорықпай, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтап, өз мамандығыңызды жақсы көрсеңіздер, бұл салада үлкен жетістіктерге жетуге болады.
Әдемі АМАНГЕЛДІ
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер