A+ A A-

talgatzhan 34 Бүгін, 09:05 0

Еңбегі еленді: тарбағатайлық тәрбиеші Ақерке Ляшова «Шапағат» медалімен марапатталды

Бүгін / Тарбағатай / Сұхбат

Тарбағатай ауданындағы «Балауса-Балғын» бөбекжайының тәрбиешісі Ақерке Ляшова педагогика саласында 20 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде ол талай бүлдіршінді тәрбиелеп шықты. Биыл оның көп жылғы еңбегі Мемлекет басшысының қолынан алған «Шапағат» медалімен бағаланды. Ақерке Ляшовамен бала тәрбиесі және жұмысы жөнінде сұхбаттасқан едік, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

– Өзіңіз қай жерде туып-өстіңіз?

- Мен 1981 жылы Тарбағатай ауданының Асусай ауылында өмірге келдім. С. Аманжолов атындағы ШҚУ-да 1999–2005 жылдары «Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі», 2012–2014 жылдары «Мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеу» мамандығы бойынша білім алдым. Еңбек жолымды 2006 жылы «Балауса-Балғын» бөбекжайында тәрбиеші болып бастадым. Биыл педагог болғаныма 20 жыл толды.

- Неге тәрбиеші болуды шештіңіз?

- Тәрбиеші мамандығын таңдауыма бала тәрбиесіне деген қызығушылығым мен бүлдіршіндермен жұмыс істеуге деген ықыласым себеп болды. Мектепке дейінгі кезең – баланың мінезі мен таным-түсінігі қалыптасатын маңызды уақыт. Осы кезеңде оған дұрыс бағыт-бағдар беріп, қабілетін дамытуға үлес қосу – тәрбиешінің басты міндеті деп санаймын.

 

- Алғаш рет балабақшаға тәрбиеші болып жұмысқа келген кезіңіз есіңізде ме?

- Әрине, алғашқы жұмыс күнім әлі есімде. Еңбек жолымның дәл «Балауса-Балғын» бөбекжайында басталуын үлкен мектеп деп есептеймін. Алғашқы күннен-ақ бөбекжайды 40 жыл абыроймен басқарған, саналы ғұмырын мектепке дейінгі тәрбие саласына арнаған ұлағатты ұстазым Алмагүл Шүренқызының тәлімін көріп, бағыт-бағдар алдым. Ол кісінің талапшылдығы мен еңбекке деген адалдығы, әр педагогке сенім артып, жас маманның бойындағы қабілетті танып, дұрыс бағыттай білуі менің тәрбиеші ретінде қалыптасуыма ықпал етті. Алғашында балалардың әрқайсысының мінезін танып, тіл табысу, жаңа ортаға бейімделу мен үшін үлкен тәжірибе болды. Уақыт өте келе балалармен жұмыс істеудің өзіндік қыр-сырын меңгеріп, әрқайсының жүрегіне жол табуда мейірім мен сабырдың қаншалықты маңызды екенін түсіндім.

- Балалармен жұмыс барысында есте қалған ерекше бір оқиға жайлы айта кетсеңіз…

- Бір күні балалармен аулада серуендеп жүрген едік. Аспанда ұшақ ұшып бара жатқанын көрген балалар жарыса қарап, қайда бара жатқанын сұрай бастады. Сол кезде тәрбиеленушім Дидар маған кенеттен: «Апай, ұшақ аспанда жолды қайдан көреді? Аспанда жол жоқ қой», – деп сұрады. Мен ұшқыштардың арнайы бағытпен ұшатынын түсіндіріп жатсам, Дидар біраз ойланып тұрып: «Онда олар адасып кетсе, жолды кімнен сұрайды?», – деді. «Оларға жерден бағыт көрсетіп отырады», – дегенімде: «Аспанның да тәрбиешісі бар екен ғой!», – деп қуанып кетті. Оның осы жауабы мен үшін ерекше болды. Балалардың өздеріне таныс дүниемен кез келген құбылысты байланыстырып, қарапайым ғана сұрақ арқылы өзгеше ой түйетініне осындай сәттерде таңғаласың.

 

- Тәрбиеші ретінде бір күніңіз қалай өтеді?

- Жұмыс күнім таңертең балаларды қабылдаудан басталады. Одан кейін жаттығу жасап, таңғы асқа дайындаймыз. Күн тәртібіне сәйкес балалармен түрлі ойындар, жаттығулар өткіземін. Түскі астан кейін балаларды ұйықтатып, осы уақытта алдағы жұмыстарымды жоспарлап, қажетті материалдарымды дайындаймын. Күннің екінші жартысында балақайлармен ойындар, жеке және шығармашылық жұмыстар жалғасады. Кешке оларды ата-аналарына табыстап, қажет болған жағдайда күн ішінде болған жағдайлар мен баланың жетістіктері туралы айтып отырамын.

 

- Сіздің ойыңызша, жақсы тәрбиеші қандай болу керек?

- Менің ойымша, жақсы тәрбиешінің басты үш қасиеті – мейірімділік, жауапкершілік және ізденімпаздық. Мейірімділік арқылы баланың сеніміне кіріп, оның жан дүниесін түсіне аламыз. Жауапкершілік – әр бүлдіршіннің тәрбиесі мен қауіпсіздігіне ұқыптылықпен қарауды талап етеді. Ал ізденімпаздық тәрбиешіні үнемі дамуға, жаңашыл әдістерді меңгеріп, заман талабына сай жұмыс істеуге жетелейді. Осы үш қасиет бір-бірімен үйлескенде ғана педагог өз ісінің шебері бола алады.

- Еңбегіңіз үшін «Шапағат» медалімен марапатталғаныңызды қашан және қалай білдіңіз?

- «Шапағат» медалімен марапатталғаным туралы қуанышты жаңалықты алғаш рет бөбекжай меңгерушісі Гаухар Нығметжанқызынан естідім. Әрине, бұл хабарды үлкен қуанышпен қабылдадым. Көп жылғы еңбегімнің мемлекеттік деңгейде бағалануы – мен үшін үлкен мәртебе әрі жауапкершілік. «Шапағат» медалін Мемлекет басшысының қолынан алу – мен үшін үлкен құрмет. Марапаттау сәтінде бойымда толқу мен қуаныш сезімі қатар болды. 20 жыл бойы мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласында атқарған еңбегімнің бағалануы маған үлкен жауапкершілік жүктейді. Бұл марапатты өз еңбегіммен қатар, әрдайым қолдау білдірген отбасымның, ұжымымның және әріптестерімнің ортақ қуанышы деп білемін.

- Алдағы уақытта қандай жоспарларыңыз бар?

- Биыл «педагог-зерттеуші» біліктілік санатына аттестаттаудан өтуге құжаттарымды ұсындым. «Асық терапиясы арқылы мектепке дейінгі жастағы балалардың танымдық қабілеттерін дамыту» авторлық бағдарламасы мен «Халықтық педагогика – тәрбие өзегі: Ұлттық құндылықтар жинағы» атты әдістемелік еңбектерімді әзірледім. Алдағы мақсатым – осы бағыттағы ізденістерімді жалғастырып, ұлттық құндылықтарды заманауи білім беру тәсілдерімен ұштастыру.

 

Ұлжан СЕЙІТХАНОВА

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив