Ақжайлау ауылында тұрмыстық қалдықтарды заңсыз төккен екі адам белгілі болды. Тексеруге әлеуметтік желілерде жарияланған бейнежазба негіз болды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО Полиция департаментінің ақпаратынша, бейнекадрлардан тіркемесі бар трактордың елдімекен аумағына қоқыс түсіріп жатқаны көрінеді. Қалдықтардың Ұрынқай ауылынан әкелінгені белгілі болды.
- Азаматтарға қалдықтарды арнайы бөлінген орынға апарып, кәдеге жарату міндеттелген. Алайда олар қоқыс полигонына жетпей, қалдықты басқа жерге төгуді жөн көрген. Тексеру нәтижелері бойынша трактор жүргізушісі екі факті бойынша — көлік құралын пайдалану талаптарын бұзғаны және ортақ пайдаланылатын орынды ластағаны үшін жауапкершілікке тартылды. Екінші қатысушы тұрмыстық қалдықтарды белгіленбеген орынға тастағаны үшін жауапқа тартылды. Трактор арнайы тұраққа қойылды. Құқық бұзушылармен профилактикалық жұмыстар жүргізіліп, қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы заңнама талаптары және оларды заңсыз орналастырғаны үшін жауапкершілік түсіндірілді, - делінген полиция ақпаратында.
Айта кетейік, осындай құқық бұзушылықтарды анықтау жұмыстары «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында жүзеге асырылуда. Облыс аумағында 6 195 әкімшілік құқық бұзушылық, оның ішінде абаттандыру ережелерін бұзудың 5 057 және ортақ пайдаланылатын орындарды ластаудың 1 138 фактісі анықталды. Бұдан бөлек, 133 рұқсат етілмеген қоқыс орны анықталып, оның 108-і жойылды. Жергілікті атқарушы органдар мен заңды тұлғалардың атына құқық бұзушылықтарға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою туралы 80 ұсыныс енгізілді.
Пікірлер