Әлеуметтік желі арқылы «жұмыс» тапқан жігіт есірткі заттарын ораумен айналысқан, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Ол куратордың нұсқауы бойынша тыйым салынған заттардың ірі партияларын алып, оларды өлшеп, орап, жасырын орындарға қалдыруға дайындап жүрді. Маусым айында Өскеменге келіп, қылмыстық әрекетін жалғастырған. Еңбекақысын криптовалюта түрінде алып отырды.
Содан ол аса ірі мөлшерде есірткі және психотроптық заттарды таратты деген күдікке ілініп, ШҚО Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері ізіне түсті.
Сөмкесінен қоңыр түсті зат салынған екі орама табылды. Ал өзі тұрған пәтерді тінту кезінде полиция қызметкерлері тағы бірнеше орама зат, зип-пакеттер, изолента және электронды таразы тәркіледі. Сараптама қорытындысында тәркіленген заттардың құрамынан жалпы салмағы 510 грамнан асатын α-PVP және мефедрон, сондай-ақ салмағы 520 грамнан асатын гашиш анықталды.
Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық іс қозғалды.
Пікірлер