4 тамызда Достық үйінде Қазақстан халқы тілдері күніне және ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай «Күш – қазақ тілінде» атты облыстық іс-шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Шараның негізгі мақсаты – қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, мемлекеттік тілдің қоғамдағы маңызын арттыру, сондай-ақ көпұлтты ел тұрғындарының өзара түсіністігі мен ынтымақтастығын нығайту.
- Бүгінгі іс-шарамыз бүкіл республика бойынша өткізіліп жатыр. 2018 жылы Үкімет қаулысымен бұл мереке ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне бекітілді. Оған дейін 22 қыркүйекте атап өтілетін. Бүгін тіл саясатын дамытуда қолдап жүрген С.Аманжолов атындағы профессор, ұстаздарды марапаттаймыз. Соңынан квиз ойыны өтеді, –деді Мәдениет басқармасы Тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы Болат Кеншинбаев.
Іс-шара барысында өңірдің табиғи көріністеріне арналған фотокөрме мен «Абайды оқы, таңырқа!» кітап көрмесі ұйымдастырылды. Сонымен қатар тіл саясатын жүзеге асыруға үлес қосып жүрген азаматтарды марапаттау рәсімі өтті. Мерекелік бағдарлама музыкалық нөмірлермен жалғасып, қатысушылар «Күш – қазақ тілінде» атты танымдық квизге қатысты.
- Осындай шаралар дәстүрлі түрде жыл сайын өтеді. Бұл – тіл мәртебесін көтеру, ана тіліміздің құдіретті күшін нығайту. Халық рухын көтеріп, ұлттық құндылықтарды дамытатын да – тіл. Ахмет Байтұрсынұлының “Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі да жоғалады” деген нақыл сөзі соған дәлел. Сондықтан ана тіліміз, мемлекеттік тіліміз жасай берсін, – деді С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың қауымдастырылған профессоры Айымгүл Сейпутанова.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар мемлекеттік тілге деген құрметті арттырып қана қоймай, еліміздегі этностардың мәдениеті мен тілін дәріптеуге мүмкіндік береді.
Пікірлер