15 тамыздан 30 қыркүйекке дейін «Назар аударыңыз – балалар!» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Мұның басты мақсаты сол, балалардың жолда, мектепте және күнделікті өмірде қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Полиция қызметкерлері мектеп автобустарының қауіпсіздігін, олардың техникалық жағдайын, сондай-ақ мектеп маңындағы жолдар мен жаяу жүргіншілер өткелдерін тексеріп жүр.
– Анықталған кемшіліктерді жою бойынша тиісті шаралар қабылдануда. Мектептердегі қауіпсіздікке де ерекше көңіл бөлінуде. Бейнебақылау камераларын полицияның жедел басқару орталықтарына толық қосу жұмыстары жүргізілуде, – делінген ақпаратта.
Әр мектепке полиция қызметкерлері бекітілген. Олар балалармен кездесіп, қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, түрлі жағдайларда қалай дұрыс әрекет ету керектігін үйретуде.
– Құрметті ата-аналар! Бала қауіпсіздігі – тек полицияның немесе мектептің міндеті емес. Бұл – ең алдымен, ата-ананың да жауапкершілігі.
Күн сайын балаңызбен бірнеше минут қауіпсіздік туралы сөйлесіңіз, – делінген мәліметте.
Одан бөлек, жолды тек жаяу жүргіншілер өткелі арқылы өту, жолдан өтерде жан-жағына қарау, телефонға алаңдамау, бейтаныс адамдармен бірге кетпеу сияқты қарапайым ережелерді үнемі еске салу маңызды екені айтылды.
– Қымбатты балалар! Әрқашан сақ және мұқият болыңдар. Егер бір нәрсе сендерге қауіпті немесе күмәнді болып көрінсе, үндемей қалмаңдар. Бұл туралы міндетті түрде ата-аналарыңа, мұғалімге немесе полиция қызметкеріне айтыңдар.
Баланың қауіпсіздігі – баршамызға ортақ жауапкершілік. Бірге қамқор болсақ, әр бала мектепке аман барып, үйіне қауіпсіз оралады, – делінген ақпаратта.
Фото: maqat-tynysy.kz
Пікірлер