Бүгін Комсомол аралында шаһар тұрғындары иттерімен бірге түрлі байқау мен спорттық сайыстарға қатысып, уақыттарын көңілді өткізіп қайтты, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Фестиваль бағдарламасына кедергілер жолағы, жемді жылдам жеу сайысы, костюмдер шеруі және басқа да қызықты байқау енгізілген. Иттер түрлі трюк орындап, өздерінің қабілеттерін көрсетті. Биыл фестиваль үшінші рет қолға алынып отыр. Шара ұйымдастырушыларының айтуынша, бүгінгі сайыс қала тұрғындары арасында үй жануарларына деген жауапкершілік пен қамқорлық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
– Фестиваль қаламыз үшін дәстүрге айналып келеді. Бұл жай ғана көңіл көтеретін шара емес, адамдардың үй жануарларымен қарым-қатынас жасау мәдениетін қалыптастыратын мереке. Сонымен қатар қайырымдылық бағыты да бар. Екінші жыл қатарынан қайырымдылық палауын дайындап, одан түскен қаражатты жергілікті жануарларға арналған панажайларға бағыттап отырмыз, – деді фестиваль ұйымдастырушыларының бірі Фериде Собуляк.
Шараның басты жүлдесі ретінде 300 келі ит азығы ұсынылды. Фестиваль аясында ит иелеріне бір-бірімен танысып, тәжірибе алмасуға арналған арнайы алаңдар да ұйымдастырылды. Қатысушылар үй жануарларын күтіп-баптау және оларды үйрету туралы пікір алмасты.
– Мен бүгін неміс овчаркамды әкелдім. Оны асырағаныма екі жылдан асты. Бүгінгі байқау ұнап жатыр. Бәрі керемет. Мольфи екеуміз бүгін жеңіске жетеміз деп ойлаймын, – деді фестиваль қатысушысы Валентина Рейх.
Айта кету керек, “PET DOG FEST 2026” фестивалі қала тұрғындарына үй жануарларымен бірге уақыт өткізіп қана қоймай, жануарларға жауапкершілікпен қарау мәдениетін насихаттауға мүмкіндік береді.
Пікірлер