A+ A A-

talgatzhan 0 Бүгін, 12:30 0

Өскеменде Kazzinc Family Run отбасылық жарысы өтті

Бүгін / Өскемен

Спорттық шараға балалар, ата-аналар және әуесқой спортшылар қатысып, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған фестивальге жиналды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Жарыстың басты ерекшелігі – оған әртүрлі жастағы қатысушылардың қатысуы. Шара барысында спорттық сайыстармен қатар, балалар мен ересектерге арналған ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылды.

– Kazzinc Family Run – бұл жай ғана жарыс емес. Бұл балалар мен ата-аналарды, спортшыларды біріктіретін, отбасылық спортсүйер қауымдастықтың өмірін дәріптейтін фестиваль. Жарыстың бір ерекшелігі – әртүрлі жастағы қатысушылардың болуы, –деді ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Іс-шараға қала тұрғындарының қызығушылығы жоғары болған. «Қазцинк» ЖШС бас директоры Жанат Жанботин қатысушыларға сәттілік тілеп, күзгі кезеңде де осындай спорттық шараларды өткізудің маңызын атап өтті.

– Қала тұрғындарының бүгін осы жарысқа жиналғанына қуаншытымын. Барлығыңызға тек жеңіс тілеймін. Жаз мезгілі аяқталғанымен, күзде де осындай жарыстар өткізгенді жөн көрдік, — деді ол.

Жарыс бағдарламасы музыкалық қойылымдармен, интерактивті аймақтармен, балалар мен ересектерге арналған байқаулар және ойын-сауықтармен толықты. Қатысушылар үшін тамақтану аймағы ұйымдастырылып, аниматорлар мен аквагримерлер жұмыс істеді. Сонымен қатар DJ өнер көрсетті.

– Мәре сызығын кесіп өткен әр қатысушы естелік медальға, әріптестер атынан сыйлықтар мен жағымды тосынсыйларға ие болады. Бұл күні іс-шараның барлық қатысушысы мен қонағы үшін түрлі қызықты сайыстар ұйымдастырылды, – деді іс-шара жүргізушісі Сабыр Байзақов.

Сайысқа «Демеу» оңалту және түзету орталығы тәрбиеленушілері де қатысты. Орталықтан жарысқа алты бала мен алты ата-ана келген.

– «Демеу» оңалту және түзету орталығы тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған. Көп жағдайда мүмкіндігі шектеулі балалар әралуан шаралардан шет қалып жатады. Бүгін балалардың жарысқа қатысып, өздерін сынай алғанына қуаныштымыз, – деді орталық жетекшісі Мадина Әуренова.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив