Шығыс Қазақстан облысындағы Катонқарағай ұлттық табиғи паркінде тауешкілер фототұзаққа түсіп қалды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
Ұлттық парк аумағындағы фототұзақтар тағы да қызықты кадрларды тіркеді.
- Кадрлардан аталық, аналық тауешкілер және өсіп келе жатқан лақтар бірге көрінеді. Аталықтарын ірі әрі көлемді мүйіздерінен оңай ажыратуға болады, ал аналықтарының мүйіздері айтарлықтай кіші, - деп хабарлады Катонқарағай ұлттық паркінен.
Төлдегеннен кейінгі тауешкілердің мінез-құлқы да қызық. Ересек аталықтар көбіне топтан бөлініп кетсе, жас аталықтар аналықтар мен лақтардың жанында жүре береді.
- Сондықтан кейде фототұзақ объективіне ересек жануарлар мен төлдері бірге жүрген осындай «отбасылық» кадрлар түсіп қалады. Фототұзақтар жануарларды үркітпей, олардың табиғи тіршілігіне араласпай осындай сәттерді бақылауға мүмкіндік береді. Бұл кадрлар парктің жабайы жануарларын бақылап жүрген орманшы Жомарт Аманбаевтың еңбегінің арқасында түсірілді, - делінген ақпаратта.
Пікірлер