Қазақстан өңірлерінде мал қыстату маусымына дайындық аясында жемшөп әзірлеу жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгінде еліміз бойынша 33,1 млн тонна жемшөп дайындалды. Бұл жоспарланған көлемнің 80%-ын құрайды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі BAQ.KZ сайтына сілтеме жасап.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, облыс әкімдіктерінің жедел деректері бойынша 25,3 млн тонна шөп, 2,5 млн тонна сабан, 2,3 млн тонна пішендеме, 1,6 млн тонна құнарландырылған жем және 1,4 млн тонна сүрлем әзірленген.
Қай өңірлер көш бастап тұр?
Жемшөп дайындау көлемі бойынша Түркістан облысы бірінші орында. Өңірде 5,02 млн тонна жемшөп қоры жиналған.
Одан кейінгі орындарда:
Жамбыл облысы – 3,25 млн тонна;
Алматы облысы – 3,11 млн тонна;
Батыс Қазақстан облысы – 2,58 млн тонна;
Солтүстік Қазақстан облысы – 2,43 млн тонна.
Осы бес өңірдің өзінде шамамен 16,4 млн тонна жемшөп дайындалған. Бұл ел бойынша әзірленген жалпы көлемнің жартысына жуығын құрайды.
201 мың тоннадан астам астық резервке жиналды
Қысқы қорада ұстау кезеңінде жемшөп тапшылығының алдын алу үшін сақтандыру қоры да қалыптастырылып жатыр. «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ 201,3 мың тонна астық көлемінде жемдік қор жинақтады.
Қажет болған жағдайда бұл резерв ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жемшөп ресурстарымен қамтамасыз етуге жұмсалады.
Қазіргі уақытта жемшөп дайындау науқаны еліміздің барлық өңірінде жалғасып жатыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, жұмыстың барысын тұрақты бақылауда ұстап отыр.
Ведомствоның мәліметінше, жемшөп қорын уақтылы қалыптастыру мал шаруашылығы субъектілерін қажетті азықпен қамтамасыз етіп, алдағы мал қыстату кезеңін қалыпты өткізуге мүмкіндік береді.
Пікірлер