Облыста ұлын қорғау үшін екі тәртіп сақшысымен төбелесіп, билік өкіліне күш қолданды және оны қорлады деген айыппен үш жылға бас бостандығы шектелген зейнеткер ісіне қатысты жаңа деректер айтылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі Hronika.kz сайтына сілтеме жасап.
Белгілі болғандай, тараптардың өтініштерін қараған апелляциялық алқа бірінші инстанция сотының үкімін өзгеріссіз қалдырған. Алайда сот алқасы ШҚО полиция департаменті бастығына жеке қаулы шығарып, оқиға кезінде қызметтік міндетін тиісінше атқармаған полицейлерге қатысты шара қабылдауды тапсырған.
Сотта құқық қорғау қызметкерлерінің өздері шақырған эвакуатор жүргізушісінің зейнеткерді көліктен күштеп шығарып жатқанын сырттай бақылап тұрғаны ескерілген. Сараптама нәтижесінде әйелдің денсаулығына жеңіл зиян келгені анықталды.
Одан бөлек, эвакуатор жүргізушісі полицейлерден зейнеткердің ұлына кісен салуды талап еткен. Сот ақпаратынша, дәл осы әрекет кейінгі оқиғалардың өрбуіне негіз болды. Осыған байланысты эвакуатор жүргізушісінің әрекетіне қатысты тергеу жүргізу ұсынылған.
Кейін ер адам ҚР Қылмыстық кодексінің 389-бабы 3-бөлігі (өзінше билік ету) бойынша кінәлі деп танылып, бастапқыда 1 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Ал 2 қыркүйекте Өскемен қаласының ауданаралық қылмыстық сотында бұл іс қаралып, рақымшылыққа байланысты жаза мерзімі қысқартылды. Жаңа мерзімге сәйкес оған 9 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Бұдан бөлек, сот одан іс жүргізу шығындарын және жәбірленушіге моральдық зиян келтіргені үшін 500 мың теңге өндіріп алу туралы шешім шығарды. Дегенмен сотталушы бұл үкімге әлі де апелляциялық шағым бере алады.
Эвакуатор жүргізушісі соттағы соңғы сөзінде әйелге қасақана зиян келтіргісі келмегенін айтты. Оның сөзінше, оқиға орнында болған полицейлер жағдайға араласпаған соң, мәселені өзі шешуге мәжбүр болған.
– Полиция қызметкерлерін шақырып, көмектесіңіздер, алып кетіңіздер, бірдеңе істеңіздер деп сұрадым. Алайда олар ештеңе істемеді. Мәселенің оларға қатысы жоқ адамдар сияқты жанымызда жай қарап тұрды. Сонда мәселені өзім шешуім керек екенін түсіндім. Жауапкершілікті өз мойныма алып, оны қолтығынан ұстап, көліктен шығардым, – деді ол.
Ал оқиғаның басталуына себеп болған полицейлердің өздері әзірге сот алдында жауап берген жоқ.
Пікірлер