Қаладағы А.С.Пушкин атындағы облыстық кітапханасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» атты жаңа кітабының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аталған жиынға зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік мекеме басшылары, мәслихат депутаттары, қоғамдық және жастар ұйымдарының мүшелері қатысты. Кездесуде кітапта көтерілген қоғамдық-саяси мәселелер мен ел дамуының негізгі бағыттары сөз болды. Атап айтқанда, заң мен тәртіп, азаматтық жауапкершілік, ұлттық құндылықтар, жастар саясаты мен қоғам жаңғыруы талқыланды.
– Аталаған еңбекте Президенттің әр жылдары айтқан сөздерінің негізгі түйіні жинақталған. Кітап республикамыздың әр түкпірінде талқыланып жатыр. Сол себепті зиялы қауым өкілдерін, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйым мүшелерін, жастарды жинап, осы кітапта көтерілген мәселелерді бірге талқылауды құп көрдік, – деді қалалық мәслихат депутаты, Халықаралық қазақ тілі қоғамы ШҚОФ төрағасы Әскерхан Ақтай.
«Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабына Мемлекет басшысының 1994 жылдан бүгінгі күнге дейінгі айтқан таңдаулы сөздері, баяндамалары мен ой-толғамдары 21 арнайы бөлімге топтастырылған. Кітапта елдің өткені мен бүгіні, мемлекеттік басқару, заң мен тәртіп, руханият, білім, ғылым және геосаяси ұстанымдар кеңінен қамтылған.
Одан бөлек, осы жиында жастардың болашағы мен келешектегі рөліне айрықша мән берілді. Олардың толыққанды білім алып, маман иесі болуы, кәсіби дамуы мен қоғамдық-әлеуметтік өмірге белсенді араласуы маңызға ие екені айтылды.
– Шараның басты мақсаты – жастарға қоғамдық мәселелерге қатысты қызығушылығын арттырып, өзекті тақырыптарды ашық талқылап, шешімін табуға мүмкіндік беру. Кітапта жастар саясатына қатысты маңызды бастамалар да қамтылған. Жастардың дамуына жан-жақты жағдай жасау жайы да сөз болды. Осы себепті оларды аталған еңбекті оқуға шақырамын, – деп бөлісті А.С.Пушкин атындағы облыстық кітапханасының көпшілік іс-шаралар қызметкері Ұлпан Қанатова.
Айта кетейік, еңбекте «Әділетті Қазақстан», «Таза Қазақстан» идеялары, «Адал азамат» тұжырымдамасы және еліміздің саяси-әлеуметтік дамуына қатысты өзекті тақырыптар қамтылған.
Пікірлер