Күршім ауданында медицина саласында 25 дәрігер еңбек етіп жатыр. Олардың қатарында өзге өңірлерден қоныс аударып келген мамандар да бар, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Үй алуға қанша ақша берілді?
Солардың бірі – «Шығыс шақырады» жобасы арқылы Түркістан облысынан Күршімге көшіп келген стоматолог-терапевт Нұрсұлтан Мырзамет. Ол отбасымен бірге ауданға осыдан жеті ай бұрын қоныс аударған. Жас маманның айтуынша, баспана алу үшін берілген қаражат ауданнан үй алуға толық жетпеген. Сондықтан ол қажетті соманы өз қаражатымен толықтырған.
– Ақпан айында көшіп келдім. Үй алуға 7 млн теңге берілді. Шыны керек, ол ақша жетпеді. Арзан деген үйдің өзі шамамен 10 млн теңге тұрады. Сондықтан үстіне тағы 3 млн теңге қосып, үй сатып алдым. Одан бөлек, басқа облыстардан келген жас мамандарға аяққа тұрып кетуі үшін қолдау ретінде қаражат беріледі екен. Маған да бастапқыда беріледі деп айтқан. Алайда көшіп келгеннен кейін берілмейтіні белгілі болды. Естуімше, мұндай қаржы тапшы мамандық иелеріне ғана беріледі, – деді Нұрсұлтан Мырзамет.
Ал медбике Мереке Бекболатова Алматы қаласынан Күршімге қоныс аударған. Ол «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы ауданға келіп, осында жұмысын жалғастыруды жөн көрген.
– Шығысқа келін болып түскен соң, осында «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша жұмыс істеуге қалдым. Бұл жер де, жұмыс орным да ұнайды. Әкімшілік тарапынан қолдау көрсетілді, – деді Мереке Бекболатова.
Ауданға қандай мамандар қажет?
Күршім ауданында медицина саласына кадр тарту жұмыстары жалғасып жатыр. Қазіргі таңда мұнда анестезиолог, стоматолог, жалпы тәжірибелік дәрігер, фельдшер, патронаж қызметінің медбикелері, фармацевт және өзге де медицина мамандары жұмысқа орналасқан.
Атап айтқанда, Бурабай дәрігерлік амбулаториясына фельдшер, Барақ Батыр медициналық пунктіне фельдшер, патронаж қызметіне екі медбике, сондай-ақ перзентхана бөлімі мен мектепке медбике мамандары қабылданған.
Ал 2027-2028 жылдарға ауданға офтальмолог және онколог дәрігерлер қажет болады.
Жергілікті атқарушы органдардың айтуынша, өзге өңірлерден мамандарды тарту және оларды әлеуметтік қолдау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
Пікірлер