Күршім ауылында орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылмаған тұрғын үйлерді кезең-кезеңімен жылумен қамту жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Биыл қанша үй жылу желісіне қосылады?
Биыл 64 пәтерді орталық жылу жүйесіне қосу жоспарланған. Аудан әкімінің орынбасары Сымбат Дүйсенғазинның айтуынша, аталған үйлердің тұрғындары 35 жыл бойы пеш жағып, үйлерін өздері жылытып келген. Қазір 64 пәтерге жылу желісін тарту бойынша дәнекерлеу жұмыстары аяқталған.
– Күршім ауылындағы 64 пәтер биыл толығымен орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылады. Қазір дәнекерлеу жұмыстары аяқталды. Бұл үйлер 35 жыл бойы пеш жағып, жылынып келген. Енді №4 қазандыққа қосылады, – деді Сымбат Амангелдіұлы.
Бүгінде ауылда 466 абонент жылумен қамтамасыз етіледі. Оның ішінде 453-і жеке тұлға болса, 13-і – заңды тұлға. Биыл жылу желісіне 4 тұрғын үйді, оның ішінде 64 пәтерді қосу жұмыстары жүргізілуде. Жұмыстарды жылыту маусымы басталғанға дейін аяқтау жоспарланған.
– Жұмыстар кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Бауыржан Момышұлы көшесінде тағы 4 үй қалды. Оларды да орталық жылу жүйесіне қосамыз, – деді әкімнің орынбасары.
Күршімде орталықтандырылған жылу жүйесін одан әрі кеңейту келесі жылы да жалғасуы мүмкін. Ол үшін №6 қазандықты іске қосу жоспарланып отыр. Жобаға шамамен 180 млн теңге қажет. Қаржыландыру мәселесі шешілген жағдайда, жаңа қазандыққа 8 көпқабатты тұрғын үй мен 3 әлеуметтік нысанды қосу көзделіп отыр. Қазір орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылмаған әлеуметтік нысандар қатарында бір мектеп пен бір балабақша бар. Олар әзірге электр энергиясы арқылы жылытылады. Орталықтандырылған жылу жүйесін кеңейту жұмыстары Күршім ауылында 2023 жылы басталған. Бүгінде ауданда 4 жылыту қазандығы жұмыс істеп тұр. Олар негізінен әлеуметтік нысандарды жылумен қамтамасыз етеді.
Қазандықтардың дайындығы қандай?
Ауданда халықты және әлеуметтік нысандарды жылумен жабдықтауды КМК «Күршім» жүзеге асырады. Кәсіпорын балансында №1, №2, №3 және №4 қазандықтары бар.
№1 қазандық аурухананы, №2 қазандық №5 мектепті, №3 қазандық аудандық білім бөлімі ғимаратын жылумен қамтамасыз етеді. Ал №4 қазандық «Қазпошта» АҚ-дан сенімгерлік басқаруға алынған. Қазір №1, №2 және №4 қазандықтары жылыту маусымына дайын. Ал №3 қазандықта жылыту қазандықтарын ауыстыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жөндеу жұмыстарының орындалу деңгейі 70 пайызды құрайды. Жұмыстарды 1 қазанға дейін аяқтау жоспарланған.
Алдағы жылыту маусымына аудан халқына шамамен 18 140 тонна көмір қажет.
Қазір оның 7 600 тоннасы тасымалданған. Көмір Құйған айлағынан жеткізіледі. Бір тонна көмірді тасымалдау құны – шамамен 24 мың теңгені құрайды. Сонымен қатар жеке кәсіпкерлер көмірді Алтай қаласынан тасымалдап, тоннасына 28–30 мың теңге аралығында жеткізіп отыр.
Ал орталық қазандықтардың осы жылғы үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін 6 958 тонна көмір қажет. Қазір қажетті отын қорын қалыптастыру және көмірді жеткізу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Әдемі АМАНГЕЛДІҚЫЗЫ
Пікірлер