A+ A A-

talgatzhan 30 Бүгін, 12:30 0

«Жер сілкінісіне де төзімді»: Күршімдік кәсіпкер қамыстан үйлер салады

Бүгін / Күршім / Басты

Күршімдік кәсіпкер Нұржан Қаратаев қамыстан құрылыс материалдарын өндіріп, одан тұрғын үй мен түрлі нысан салып жүр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Анықталғандай, бұл технология құрылысқа кететін уақыт пен қаржыны үнемдеуге мүмкіндік береді. Кәсіпкер Алағабас ауылында қамыстан құрылыс материалдарын дайындайды. Оның сөзінше, өнімнің басты артықшылығы сол, жеңіл, жылуды жақсы сақтап, экологиялық тұрғыда таза өнім.
– Қамыстан салынған үй жазда салқын, қыста жылы болады. Жылуды жақсы ұстайды. Мысалы, таңертең бір рет от жақсаң, үй күні бойы жылы болып тұрады. Бұған қоса, мұндай үйлер жер сілкінісіне де төзімді, – дейді Нұржан Қаратаев.
Сөзінше, қамыстан салынатын үйлерге қатысты басты сынның бірі – өрт қауіпсіздігі. Бұл мәселені шешу үшін ғимарат сырты арнайы қаптама материалымен жабылады. Өнім сынақтардан өтіп, тиісті сертификат алған.

 
Қамыстан жасалған құрылыс материалдарының тағы бір ерекшелігі – оның жеңілдігі. Соның арқасында іргетасқа түсетін салмақ азаяды.
– Ауылда кірпіштен салынған 85 шаршы метр үйдің іргетасына шамамен 7 тонна цемент жұмсалады. Ал қамыстан салынған 100 шаршы метр үйге шамамен 2 тонна цемент кетеді. Себебі материал жеңіл. Сондықтан іргетасты да ауыр етіп құюдың қажеті жоқ, – дейді кәсіпкер.
Кәдімгі саман немесе кірпіш үйлердің қабырғасы 70-80 сантиметрге дейін жетсе, қамыстан жасалған қабырғаның қалыңдығы шамамен 20 сантиметр болады. Соған қарамастан, кәсіпкер мұндай үйлердің жылу сақтау қабілеті жоғары екенін атап өтті. Белгілі болғандай, қамыстан тек тұрғын үйлер емес, дәмхана, дүкен және басқа да нысандар салынуда.
– Қазір ешкім балшықпен үй салғысы келмейді. Сондықтан бұл әдіс өте ыңғайлы. Барлық бөлшегі нөмірленіп, таңбаланады. LEGO сияқты құрастырылады. Сызбасы мен нұсқаулығын бересің, соған сәйкес жинай береді, – дейді ол.

 
Қазір кәсіпкер Самар ауданындағы демалыс орнына арналған үйлерді де дайындап жатыр. Аумағы 12×9 метр, екі бөлмелі демалыс үйлерінің қабырғасын шамамен бес сағатта құрастыруға болады. Ал толық үйді 10 күн ішінде аяқтауға мүмкіндік бар. Кәсіпкердің айтуынша, технологияның тиімділігі – материалды ғана емес, құрылыс уақыты кезінде көп-көрім үнем. Соңғы уақытта өнімге сұраныс артып, басқа облыстардан да тапсырыс түсе бастаған. Сондай-ақ ол биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы кәсібін дамытуға 8 миллион 600 мың теңге көлемінде қаржы алған.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив