A+ A A-

talgatzhan 38 Бүгін, 17:30 0

Күршімде туризм қалай дамып жатыр?

Бүгін / Күршім / Басты

Күршім ауданы табиғатының көркемдігімен ғана емес, тарихи-мәдени нысандар және туристік әлеуетімен де ерекшеленеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Қиын-Керіштің келешегі қандай?

Соңғы жылдары ауданда туризмді дамытуға бағытталған бірқатар жұмыс қолға алынып, түрлі бағыт қалыптасып келеді. Аудандағы ең танымал туристік орындардың бірі – «Қиын-Керіш» шатқалы. Қызыл, сарғыш және ақ түсті жартас қабаттары қалыптастырған ерекше ландшафт осынау мекенді табиғатты сүйетіндер үшін тартымды орынға айналдырып отыр. Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі мәліметінше, өткен жылы «Қиын-Керіш», «Шәкелмес» бағыттарына chakilev.tour және avto.tour туристік фирмалары арқылы саяхатшылар барған. Осылайша, аталған бағыттарда тұрақты туристік ағым қалыптаса бастаған.
– «Қиын-Керіш» шатқалын дамыту мәселесі 2009 жылдан бері ауданның кешенді даму жоспарына енгізілген. Біз жыл сайын талдау жасаймыз. Содан байқағанымыз, бұл нысанға жыл сайын 10-20 мың турист келіп, демалады. Көбінесе шетелден келеді. Бельгия, Ресей, Австрия, Австралия және Америкадан да саяхатшылар бар, – деді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ришат Искаков.
Оның сөзінше, кәсіпкерлер қызығушылығын арттыру мақсатында туристік нысандар орналастырылатын 6 учаске белгіленген. Алайда әзірге бұл аумақтарға инвестиция салуға ниетті кәсіпкер табылмаған. Бұған дейін жеке компаниямен бірлесіп, заманауи нысандар салып, этноауыл құру жобасы да қарастырылған.
– Туристік нысандар салу үшін жер телімдерін алдын ала белгілеп қойғанбыз. Қателеспесем, көлемі – 6 сотық. Бүгінгі күнге дейін бұл аумақта демалыс орнын салып, нысанды дамытамын деген инвестор табылған жоқ. Бұған дейін бір компаниямен келісіп, заман талабына сай ғимараттар салып, этноауыл құруды жоспарлағанбыз. Жоба әзірленіп, аудан әкімдігімен бекітілді. Алайда компанияның ішкі мәселелеріне байланысты жоба жүзеге аспай қалды, – деді Ришат Искаков.
Қазір ауданда туристерге арналған инфрақұрылымды жақсарту мәселесіне де басымдық беріліп отыр. Аманат ауылы маңында туристік қонақүй ашу жөніндегі ұсыныс қарастырылып, тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Ал «Қиын-Керіш» аумағындағы негізгі мәселелердің бірі – байланыс пен электр энергиясының жоқтығы. Бұл бағытта облыстық Цифрландыру және архивтер басқармасымен жұмыстар жүргізілген. Жауапты мамандардың айтуынша, аумаққа Starlink интернет желісін орнату жоспарланған. Нүктелері белгіленіп, интернеттің 2027 жылы қолжетімді болуы күтілуде. Сонымен қатар, биыл аудан әкімдігінің қолдауымен «Қиын-Керіш» аумағына екі беседка орнатылып, арнайы жол сілтемелері қойылған.

 

Құйғанда да құрылыс қызатын түрі бар

Күршімдегі туристік әлеуеті жоғары орындардың бірі – Құйған ауылы маңындағы жағалау. Мұнда кәсіпкер Денис Алексеев шағын демалыс орнын және қонақүй салуды жоспарлап отыр.
– Бұл жерде шағын демалыс орнын салуды жоспарлап отырмыз. Мұнда 10 үй, сауна, караоке алаңдары және демалушыларға қажетті басқа да нысандар болады. Сонымен қатар, «Золотые пески» жағалауына туристерді жеткізу үшін арнайы теплоход сатып алдық. Қазір оны жөндеп, пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Туристер теплоходпен жағалауға барып, демалып, кешке осы жерге келіп қона алады. Қонақүй салу үшін «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы несие алдық. Жалпы 32 млн теңге қаржы берілді. Бұл қаражаттың өзі жеткіліксіз болғандықтан, жобаны жүзеге асыруға өз қаражатымызды да қосамыз. Демалушыларға барлық жағдайды жасауға тырысамыз, – деді кәсіпкер.
Қонақүйде 9 нөмір болады деп жоспарланған. Әр бөлме душ, кір жуғыш машина және кондиционермен жабдықталмақ.
Жалпы, аудан аумағында Зайсан көлі, Бұқтырма су қоймасы, Күршім өзені, «Қиын-Керіш» және «Шәкелмес» шатқалдары, «Ашыбасы» емдік балшықты учаскесі, петроглифтер мен мұражайлар орналасқан. Табиғатының алуан түрлілігі, тарихи мұрасы мен экологиялық тұрғыдан таза аумағы Күршімді экотуризм, этнотуризм және табиғи туризм бағыттарын дамытуға қолайлы өңірлердің біріне айналдырып отыр. Ал туристік инфрақұрылымның кезең-кезеңімен дамуы, жаңа демалыс орындарының ашылуы және байланыс жүйесінің жақсаруы алдағы уақытта ауданға келетін саяхатшылар санының артуына мүмкіндік бермек.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив