Облыстық сотта зейнеткерді эвакуаторға тиелген көліктен күштеп түсірген жүргізуші ісі бойынша апелляциялық шағым қаралып жатыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі Inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.
Зардап шеккен әженің адвокаты Әділ Пшенов өз шағымында ер адам қарттың бетінен ұрып, арнайы көлік платформасына көтерілген машинаның ішінен күштеп шығарғанын айтты.
Жерге құлаған әженің сол иығындағы металл пластинасы орнынан жылжығаннан оған оңалту курсынан өтіп, медициналық конструкцияны ауыстыруға тура келген көрінеді.
– Ол бұған дейін полиция батальонында инспектор болып қызмет еткендіктен, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексін, жол қозғалысы ережелерін және Қылмыстық кодексті жақсы біледі. Сонымен қатар, ол Қазақстан Республикасының қолданыстағы ережелері мен заңдарын қасақана бұзды деп есептейміз, – деді адвокат.
Сот эвакуатор жүргізушісін өз бетінше билік еткені үшін кінәлі деп танып, бастапқыда 1,5 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындаған болатын. Кейін рақымшылыққа байланысты жаза мерзімі тоғыз айға қысқарды.
Сонымен қатар сот одан жәбірленушіге моральдық зиян өтемі ретінде 500 мың теңге және зейнеткер тарапы жұмсаған шығыны үшін 350 мың теңге өндіріп алу туралы шешім шығарды.
Жәбірленуші тарап сотталған ер адамды бас бостандығынан айырып, моральдық зиян үшін өтемақыны толық көлемде өндіруді талап етіп отыр.
Ал эвакуатор жүргізушісі мен оның қорғаушылары айыптау үкімінің күшін жойып, өзін ақтауды сұрайды. Олардың уәжі бойынша, кәсіпкер тек полиция қызметкерлерінің тапсырмасын орындады. Айта кетейік, аталған оқиға былтыр сәуір айында Өскеменде болған. Ал келесі сот отырысы 30 қазанға белгіленген.
Жанерке САДЫҚ
Пікірлер