Шығыс Қазақстан облыстық ауруханасының Check-up нөміріне Риддер қаласынан ер адам хабарласып, көмек сұрады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Анықталғандай, оның МӘМС жүйесінде сақтандыруы болмаған. Сонымен қатар орыс тілін мүлдем білмеген. Ер адам тізесінің қатты ауырып тұрғанын және қайда жүгіну керектігін қазақша ежелеп, әрең сұраған.
– «Қарындас, көмектесіңізші» деп хабарласты. Интернет желісінен біздің аурухананың ғана нөмірін тауыпты. Әйгерім Әрінова есімді медбикеміз оған жан-жақты қолдау көрсетті. Тек ақпарат бере салмай, ауруының себептерін сұрап, көмектесуге тырысты. Ер адам айтқан шағым әртүрлі ауруларды, соның ішінде төменгі аяқ тамырларының тромбозын көрсетті. Сондықтан оған мүмкіндігінше тезірек тексерілуі керек еді, - делінген аурухана баспасөз қызметінің мәліметінде.
Ер адам қаланың ішін дұрыс білмейтіндігін айтып, ауруханаға қалай жету керектігін сұрады.
– Медбике ауруханаға қалай бару керектігін түсіндіріп берді. Таңертең оны тіркеу бөлімінде дәрігерлер күтіп тұратынын айтты. Бірақ ол мүлдем жол таба алмайтынын жеткізді. Кейін Әйгерім Мұратқазиевна өзінің нөмірін беріп, 2GIS қосымшасы арқылы ауруханаға жетуге көмектесетінін жеткізді, - деді аурухана өкілдері.
Содан кейін медбике тексеру жұмыстарын ұйымдастырып, маманмен кеңесуді үйлестірді. Осылайша, науқас барлық қажетті процедураларды бір күн ішінде аяқтады.
– Қан анализі, травматологпен кеңесу, рентген, аяқ-қол артериялары мен тамырларының ультрадыбыстық зерттеуі және МРТ — бұл тексерулер бізге тромбоз бен ортопедиялық патологияларды жоққа шығаруға және ауырсынудың неврологиялық себебін анықтауға мүмкіндік берді. Жұмыс күнінің соңында ер адам невропатологқа жолданды, ол диагнозды растап, емдеуді тағайындады, - делінген ресми ақпаратта.
Пікірлер