Облыс орталығында ауа райының қолайсыздығына қарамастан, жол-көлік оқиғаларының саны азайды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО Полиция департаментінің мәліметінше, 19 қазанда қалада 38 жол-көлік оқиғасы тіркелсе, 20 қазанда бұл көрсеткіш 23-ке дейін төмендеді. Ал бүгін таңнан бері тоғыз жол апаты болды. Қар жауып, жолдарда көктайғақ пайда болғанына қарамастан, қаладағы жол қозғалысы жағдайы тұрақты.
- Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері жол жағдайын үнемі бақылап отырады, - деді полицейлер.
Қаланың көлік қозғалысы тығыз учаскелерінде инспекторлар қажет болған жағдайда жол қозғалысын қолмен реттеп, кептелістердің алдын алуға және жол-көлік оқиғаларының қаупін азайтуға көмектеседі.
Полиция қызметкерлері жүргізушілерді ауа райы мен жол жағдайын ескеріп, жылдамдықты төмендетуге, көліктер арасындағы қауіпсіз қашықты сақтауға және рөлде барынша мұқият болуға шақырады.
Пікірлер