22 қазан күні Өскеменде Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының күндері басталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Екі күн бойы мамандар өңір тұрғындарына медициналық көмек көрсетіп, хирургиялық операциялар жасайды, консультациялар жүргізеді. Сондай-ақ жергілікті медицина қызметкерлеріне арналған оқыту іс-шаралары ұйымдастырылады.
Алғашқы күні ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының травматологы Асқар Баймұхаметов Шығыс Қазақстан облыстық ауруханасында жұмысын бастады. Ол тізе буынының айқас байламдарын қалпына келтіруді, соның ішінде қайталама операция жасауды жоспарлап отыр.
– Бүгін пациенттерді қарап, тексеру нәтижелерімен таныстым. Алда алдыңғы және артқы айқас байламдарға пластика жасау, алдыңғы айқас байламға қайталама операция жүргізу міндеті тұр. Мұндағы негізгі мақсат – тізе буынының тұрақтылығын қалпына келтіріп, пациенттердің еркін жүріп-тұруына және біртіндеп қалыпты өмірге оралуына көмектесу. Сонымен қатар жергілікті дәрігерлерге өз тәжірибемізбен бөлісіп жатырмыз, – деді Асқар Баймұхаметов.
23 қазанда оториноларинголог мамандар мен урологтар жұмысқа кіріседі. Шығыс Қазақстан облыстық ауруханасында құлақ қалқанының пішінін түзету, ал Облыстық мамандандырылған медициналық орталықта аз инвазивті урологиялық операциялар жасалады.
Сонымен қатар тұрғындар бейінді мамандардан кеңес ала алады. Атап айтқанда, Шығыс Қазақстан облыстық ауруханасында аритмолог Құдайберген Тәжібаев жүрек ырғағы бұзылған пациенттерді қабылдап жатыр.
Бағдарлама аясында жергілікті медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру да көзделген. Медициналық орталық ауруханасының дәрігерлері өкпенің интерстициалды ауруларын диагностикалау мен емдеудің заманауи тәсілдері, ас қорыту ағзаларының қабыну ауруларын емдеу әдістерінің қауіпсіздігі мен тиімділігі туралы онлайн таныстырылымдар өткізеді.
Ұлттық госпиталь мамандары мейіргерлік менеджмент, инфекциялық бақылау және медициналық көмектің қауіпсіздігі бойынша семинарлар өткізуде. Онда инфекциялардың алдын алу, медициналық қауіптерді азайту және қызметкерлерді шұғыл жағдайларға даярлау мәселелері талқылануда.
Денсаулық сақтау саласын цифрландыруға да ерекше көңіл бөлінген. Медициналық технологиялар және ақпараттық жүйелер орталығы «Денсаулық сақтау топ-менеджерлерінің мектебі» атты онлайн шеберлік сабағын ұйымдастырды. Онда цифрландыру, жасанды интеллектіні қолдану және медициналық ұйымдарды басқару мәселелері қамтылды. Ал Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығы зертхана мамандарын оқыту әрі олардың біліктілігін бағалау бойынша екі онлайн таныстырылым өткізеді.
ҚР ПІБ Медициналық орталығының күндері республикалық және өңірлік медициналық ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған. Пациенттерге көмек көрсету, тәжірибе алмасу және мамандарды оқыту арқылы емдеудің заманауи тәсілдерін кеңінен енгізуге, өңір тұрғындары үшін мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік туады.
Пікірлер