
ШҚО-да мемлекеттік қызмет істері агенттігі өкілдері 700-ден астам қызмет алушының құқығы қорғады
Өңір аумағында мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру, олардың қолжетімділігін қамтамасыз ету және қызмет алушылардың құқықтарын қорғау бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасуда. Бұл ретте мемлекеттік қызметтерді цифрландыруға, заңнама талаптарының сақталуына және қызмет көрсету үдерістерін жетілдіруге ерекше назар аударылып жатыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Соңғы өзгерістерге сәйкес, өңірде барлығы 427 мемлекеттік қызмет түрі көрсетіледі. Оның ішінде 233 қызмет орталық мемлекеттік органдардың, ал 194 қызмет жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне жатады.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ШҚО бойынша департаменті басшысы Ержан Айқымбековтің сөзінше, 2026 жылдың тоғыз айында облыс тұрғындарына 7 280 836 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Олардың басым бөлігі, яғни 96,5 пайызы электрондық форматта көрсетілген. Ал қызметтердің 2 пайызы халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚКО) арқылы, 1,5 пайызы мемлекеттік органдардың кеңселері арқылы көрсетілген. Бұл көрсеткіштер мемлекеттік қызметтерді цифрландырудың және электрондық форматтың кеңінен қолданылуының маңызын айқындайды.
Мемлекеттік қызмет көрсету кезінде заңнама талаптарының сақталуын бақылау – жұмыстың маңызды бағыттарының бірі. Бақылау іс-шараларының нәтижесінде 14 904 бұзушылық анықталды. Олардың басым бөлігі мемлекеттік қызмет көрсету тәртібінің сақталмауына байланысты. Сонымен қатар қызмет көрсету мерзімдерін бұзу, негізсіз бас тарту, құжаттар топтамасы толық болмаған жағдайда қызмет көрсету және заңнамада көзделмеген артық құжаттарды талап ету фактілері тіркелді.
Осы жылдың тоғыз айында Департаментке мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қатысты 425 өтініш келіп түсті. Тиісті тексерулер жүргізіліп, олардың нәтижелері бойынша азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру шаралары қабылданды. Жалпы алғанда, 706 қызмет алушының құқықтары қорғалды.
Анықталған бұзушылықтардың нәтижесінде мемлекеттік қызмет көрсететін органдардың 35 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Бұдан бөлек, әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша 24 хаттама жасалып, жалпы сомасы 1 734 325 теңге айыппұл салынды.
Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру үшін бақылау шараларымен қатар, профилактикалық және түсіндіру жұмыстарына да басымдық берілуде.
Атап айтқанда, «Елге қызмет» телебағдарламасының 64 шығарылымы эфирге шықты. «Ең алдымен адамдар» бағдарламасы аясында семинарлар өткізіліп, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және мемлекеттік қызметтерді алу тәртібі туралы ақпараттандыруға бағытталған 169 түсіндіру іс-шарасы ұйымдастырылды.
Сонымен қатар мемлекеттік қызмет көрсету үдерістерін жетілдіру мақсатында олардың бизнес-процестеріне талдау жүргізілді. Нәтижесінде құқықтық реттеу, қызметтерді автоматтандыру және оларды көрсету тәртібін оңтайландыру бағыттарын қамтитын 33 бастамашыл ұсыныс әзірленді.
Жалпы, атқарылып жатқан жұмыстар мемлекеттік қызмет көрсету жүйесінің тиімділігін арттыруға, ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған.
Фото: femida-justice.com
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер