Республика күні қарсаңында Тарбағатай аудандық ауруханасының медициналық-санитарлық алғашқы көмек орталығы күрделі жөндеуден кейін салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Қуанышқа өрілген жиынға аудан әкімі Дархан Шомпайұлы, аудан әкімінің орынбасары Ержан Советбекұлы, аудандық аурухананың бас дәрігері, медицина қызметкерлері мен ауыл тұрғындары қатысты.
Дархан Шомпайұлы жиналған қауымды айтулы оқиғамен құттықтап, денсаулық сақтау саласын дамыту, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру – ауданның әлеуметтік дамуындағы маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтті.
– Жөндеуден өткен орталықта тұрғындарға медициналық қызмет көрсетуге қажетті жағдайлар жасалған. Емхана бөлімшесімен қатар, балалардың өсуі мен дамуын бақылауға арналған Даму және ерте араласу орталығы ашылды. Мұнда педиатр, психолог және басқа да мамандар қызмет көрсетіп, балалардың денсаулығын бақылауға, даму ерекшеліктерін ерте анықтауға және қажетті қолдау көрсетуге мүмкіндік алады, – делінген әкімдік ақпаратында.
Сондай-ақ шұғыл және алғашқы медициналық көмек көрсету дағдыларын үйретуге арналған арнайы кабинеттер заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді.
Республика күні қарсаңында Тарбағатай ауданында тұрғындар үшін маңызды бірқатар әлеуметтік нысан пайдалануға беріліп жатыр. Медициналық-санитарлық алғашқы көмек орталығымен қатар, Жаңалық ауылындағы медициналық пункт те салтанатты түрде ашылды.
Тарбағатай дербес аудан болғаннан бері денсаулық сақтау саласында да ауқымды жұмыстар атқарылды. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 9 медициналық пункт салынып, пайдалануға берілді. Аудандық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесі мен перзентхана ғимараты, Құйған және Тұғыл ауылдарындағы дәрігерлік амбулаториялар күрделі жөндеуден өтіп, заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, Сарыөлең, Шеңгілді, Жаңатілеу және Тәуке ауылдарындағы медициналық пункттер де жаңартылды.
Пікірлер