Тарбағатай ауданындағы Ақжар ауылында Республика күніне орай жаңа ветеринариялық пункттің салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Қуаныш Рүстембекұлы, Ветеринария басқармасының бас маманы Ерлік Ордабаев, аудандық ветеринария қызметінің басшысы Жайлаухан Қозыханұлы, Тарбағатай аудандық аумақтық инспекциясының басшысы Бақытжан Төлеуханұлы және ауыл тұрғындары қатысты.
Шара барысында Қуаныш Рүстембекұлы ауыл тұрғындарын айтулы мерекемен құттықтап, жаңа нысанның ауыл шаруашылығы саласын дамытудағы маңызына тоқталды. Ауыл әжелері ақ шашуын шашып, ақсақалдар ақ батасын беріп, жаңа нысанның жұмысына сәттілік тіледі. Ауыл әжелері ақ шашуын шашып, ақсақалдар ақ батасын берді.
Республика күні қарсаңында Тарбағатай ауданында бірқатар әлеуметтік және өндірістік маңызы бар нысандар пайдалануға берілуде. Атап айтқанда, Жаңалық ауылында жаңа медициналық пункт ашылып, аудандық аурухананың медициналық-санитариялық алғашқы көмек орталығы күрделі жөндеуден кейін қайта пайдалануға берілді.
Облыс басшысының қолдауының нәтижесінде соңғы жылдары ауданда ветеринариялық қызметтің материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылды.
Атап айтқанда, 2024 жылы облыстық бюджет есебінен аудандағы сібір жарасы бойынша 8 көмінді талапқа сай бетон қоршаулармен қоршалды. 2025 жылы ветеринария қызметіне 1 жүк көлігі, залалсыздандыру жұмыстарын жүргізуге арналған 1 ДУК автокөлігі және 9 жаңа «Соболь» арнайы автокөлігі берілді. Аудандық бюджет есебінен Ақжар ауылдық округінде мал қорымының құрылысы жүргізілді. Сонымен қатар, сегіз ауылдық округте малды қамап ұстауға, егуге, емдеуге және профилактикалық шараларды ұйымдастыруға арналған арнайы орындар қарастырылып, ветеринариялық жұмыстарды тиімді жүргізуге жағдай жасалуда.
Жаңа ветеринариялық пункттің ашылуы – ауыл шаруашылығын қолдауға, мал саулығын сақтауға және тұрғындарға көрсетілетін ветеринариялық қызметтің қолжетімділігін арттыруға бағытталған игі бастама.
Пікірлер