Облыс орталығында Ұлттық ұланның офицері қызметтен үйіне қайтып бара жатып, алтын бұйымдарын ұрлады деген күдіктіні ұстауға көмектесті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 3477 әскери бөлімінде қызмет ететін майор Бақтияр Өмірзақ тұрғын үйлердің ауласында қашып бара жатқан ер адамды байқайды. Оның артынан жүгірген әйел офицерден алтын бұйымдарын ұрлап кеткен адамды ұстауға көмек сұраған.
Майор күдіктіні мектеп стадионының аумағында қуып жетіп, оқиға орнына полиция шақырған. Кейін ер адам полиция қызметкерлеріне тапсырылды.
– Мен ол азаматшаға көмек қажет екенін түсіндім де, бейжай қалмай, бірден әрекетке көштім. Бар мақсатым – қашқынды жіберіп алмай, сақшыларға тапсыру болды, – дейді Бақтияр Өмірзақ.
Ұлттық ұлан өкілдері офицердің әрекеті азаматтарға көмектесудің және қызметтен тыс уақытта да жауапкершілік танытудың үлгісі екенін атап өтті.
Пікірлер