
Өскеменде Тарбағатай ауданының мәдени күндері өтті
Бүгін Шығыс Қазақстан облыстық филармониясында «Туған жер – алтын бесігім» жобасы аясында Тарбағатай ауданының мәдени күндері ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Іс-шара барысында аудан өнерпаздары мен қолөнершілерінің туындылары таныстырылып, концерттік бағдарлама ұсынылды.
Алдымен филармония фойесінде аудан қолөнершілері мен дарынды оқушылар көрмесі ұйымдастырылды. Аудан әкімі Дархан Жөргекбаевтың айтуынша, қалаға Тарбағатайдан 200-ге жуық адам келген. Олардың қатарында өнерпаздар, қолөнершілер мен жас өнертапқыштар бар.
– Биыл Президентіміз Жасанды интеллект жылын жариялады. Осыған орай, көрмеде роботтар мен жасанды интеллект көмегімен жасалған фильмдер ұсынылады. Тіпті концерт жүргізілуіне де роботтар мен ЖИ технологиялары тартылды. Бүгінгі концертке 150 өнерпаз қатысады. Қолөнершілерді қосқанда, ауданнан 200-ге жуық адам келді, – деді ол.
Көрмеге қойылған туындылар ішінде «Толағай» мүсіні көпшіліктің назарын аударды. Оны жасауға екі апта уақыт кеткен. Қуат Акиевтің сөзінше, Толағай – Тарбағатайдың символы. Сондықтан мүсінді ауданның мәдени күндеріне арнайы әзірлеген.
– Толағай Тарбағатаймен тікелей байланысты. Оның символы деуге болады. Келушілер осы мүсінге қарап, туған жерін еске алып, Тарбағатайды көз алдына елестетсе деген ниет болды. Жұмысты 15 қазанда бастадық. 14 күн ішінде аяқтадық. Көрмеге арнайы әкелдік. Жетіарал мектебімен бірлесіп, бірнеше мүсін жасадық. Бейімделіп алған соң жұмыс жеңілдей түсті. Дегенмен уақыт тығыз болды. Негізі мұндай туындыны жасауға бір айдай уақыт кетеді, – деді ол.
Бұдан бөлек, көрмеге аң мүйіздері мен жануарлар сүйектерінен жасалған кәдесыйлар қойылды. Қолөнер бұйымдарының арасында «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Ұлттық рәміздер», «Ару бейнесі», «Күрестегі батырлар» сынды тақырыптарды қамтыған мүсіндер бар.
– Жабайы аңдар мен үй жануарлары сүйектерінен түрлі мүсін жасаймын. Ешкі, бұғы, қой, бұлан сүйектерін пайдаланамын. Алдымен сүйектерді тазалап, жуып, қайнатып, содан кейін ойып өңдеймін. Мәселен, кәрі жілік жамандықтан қорғайды деген түсінік бар. Сондықтан үйге қоюға арналған кәдесыйлар жасадым. Қойдың жауырыны мен басқа да сүйектерінен ару қыздың бейнесін, ұлттық рәміздерді бейнеледім. Бұл – көп еңбекті қажет ететін жұмыс. Сүйекті дұрыс өңдемесе, қатты қайнаған кезде шытынап кетуі мүмкін, – деді Шорға ауылындағы Ы.Алтынсарин мектебінің еңбек пәні мұғалімі Айдар Мурсалов.
Көрмеде жас өнертапқыштардың да жобалары таныстырылды. Ақжар ауылындағы Абай атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы Қымбат Бауыржан «Ақылды гидроэкология» жобасын әзірлеген. Жас өнертапқыш бұл бағытта 1,5 жылдан бері ізденіп жүр.
– Жобам су деңгейінің апатты түрде көтерілуін бақылап, су бетіндегі өзгерістерді анықтауға арналған. Оның прототипі температура, ылғалдылық сияқты көрсеткіштерді өлшейді. Егер су деңгейі белгіленген шектен асып кетсе, жүйе дыбыстық дабыл беріп, ескерту жасайды, – деді оқушы.
Сонымен қатар көрмеде робот ит те көпшілік қызығушылығын тудырды. Қонақтарға QR-код арқылы құрт, жент, бауырсақ, тары мен талқан сияқты ұлттық тағамдар берілді. Мәдени шараға жиналған жұрттың қарасы қалың. Бірі туған ауданының өнерпаздарына қолдау көрсетуге келсе, енді бірі туған жерге деген сағынышын басуды мақсат еткен.
– Тарбағатай жеңеді деп ойлаймын. Әрине, бәсеке болады. Күршім, Зайсан, Марқакөл аудандары да жақсы өнер көрсетеді. Жыл сайын осындай шараларға келуге тырысамын. Былтыр да келгенбіз. Бүгін туған ауданымызды қолдауға арнайы келдік. Тарбағатай – өнерге бай өлке. Сондықтан концерт жоғары деңгейде өтеді деп сенемін, – деді Ақжар ауылының тұрғыны Ғалибек Садықов.
Мәдени күндер концерттік бағдарламамен жалғасты. Сахнада күмбірлеген күй орындалып, мың бұралған бишілер өнер көрсетті. Әсем әндер шырқалып, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Залда ине шаншар орын қалмады. Тіпті кейбір көрермен концертті есік алдында тұрып тамашалады.
Әдемі АМАНГЕЛДІ
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият
Жұлдыз жорамал
Пікірлер