Өңірдегі Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері «Қазақстандық саңыраулар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалында есту қабілеті бұзылған азаматтарға арнайы сабақ өткізді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Іс-шараға кәсіби сурдоаудармашылар қатысты. Барлық теориялық ақпарат ым-ишара тіліне аударылып, қатысушыларға түсінікті түрде жеткізілді. Сонымен қатар құтқарушылар оқу бейнематериалдарын көрсетуге ерекше назар аударды.
Сабақтың негізгі мақсаты сол, түрлі төтенше жағдайлар кезінде дұрыс әрекет ету тәртібін үйрету.
Практикалық бөлім барысында құтқарушылар жер сілкінісі кезінде ғимарат ішінде қауіпсіз орындарды таңдауды, өрт сөндіргіштерді дұрыс пайдалануды, өрт шыққанда әрекет ету тәртібі мен күнделікті тұрмыста қауіпсіздік шараларын сақтау жолдарын көрсетті.
Облыстық ТЖД бастығының орынбасары Амангелді Еңсегеновтың айтуынша, мұндай жүйелі жұмыстар ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға өзін-өзі құтқарудың негізгі дағдыларын меңгеріп, түрлі оқиғаның алдын алуға көмектесетін қауіпсіздік ережелерін үйренуге мүмкіндік береді.
Мамандар сөзінше, алдын ала дайындық – төтенше жағдай кезінде адам өмірін сақтап қалудың маңызды факторлары.
Пікірлер