Шайбалы хоккейден бүгінде ел біріншілігінде көшбасшылар қатарында жүрген ұжымның қаржыландырылуы туралы өңір әкімі Ермек Көшербаев айтып берді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Өскеменде өтіп жатқан брифинг барысында БАҚ өкілдерінен облыс әкіміне «Торпедоның» қазіргі жағдайы туралы сұрақ түсті. Ермек Көшербаевтың сөзінше, аталған спортты қолдау әрі қарай жалғаса түспек.
- Айдындағы тартысты ойынды көргенде делебең қозып, эмоцияны шығаруға мүмкіндік аламыз. Жанкүйерлер де ойыншылардан шынайы тартыс күтеді. Иә, елімізде өскемендік клубтан түлеп ұшқан спортшылардың барлығы дерлік республиканың түкпір-түкпірінде жүр. Мұндай жетістіктің бір шеті балалар хоккей мектебінің мықты болуымен сабақтасып тұр. Оларды қаржыландыру әрі қарай жалғаса бермек. Бұған 892 млн теңге бөлінген, - деді Ермек Беделбайұлы.
Мұнымен қоса, демеушілер жарнасы бар. Ал ересектер хоккейі одан әрі жанданатын көрінеді. Бірақ басқа лигаға өту-өтпеуі белгісіз.
- Сүйікті командасын қолдаушылар да көп ықпал ететінін айта кеткен жөн. Клуб құрамында легионерлер жоқ, бәрі жергілікті жігіттер. Биылға 1 млрд 520 млн теңге бөлінген. Турнир кестесінде де алдыңғы орында, - деді әкім.
Пікірлер