A+ A A-

talgatzhan 49 16-12-2024, 09:10 0

Желтоқсан желі ызғарлы: марқакөлдік Амангелді Орамалов Өскеменде жастардың алаңға қалай шыққанын айтып берді

Бүгін / Сұхбат

1986 жылдың желтоқсаны ел есінен еш уақытта өшпесі анық. Тәуелсіздікті ту етіп, егемендікті аңсаған талай қазақ жастары алаңға шықты. Олардың есімі мен ерлігі  тарих беттерінде мәңгі қалды. Желтоқсан көтерілісінің бастауы Алматыда болғанымен, елдің түкпір-түкпірінде үн қосқандар саны аз болған жоқ. Өскемендік жастар да қалыс қалмады. Жүрегі қазақ деп соққан қыз-жігіттер алаңда өз қайсарлығын көрсетті. Олардың ішінде марқакөлдік Амангелді Орамалов та бар еді. 16 жастағы бозбала алаңға шыққаны үшін тергеуге алынып, үш түнін абақтыда өткізді. Оқудан шығарылып, алға қойған арман-мақсаттары бір сәтте сөне берді. Амангелді Орамалов қазақтың қайсар қызы Сәбира Мұхамеджановамен де бір жерде оқып, талай дәмдес болған. Кейіпкеріміз сол бір желтоқсанның ызғарлы күндерін еске алып, өз түйгенімен бөлісті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.


- Ең алдымен өзіңіз туралы айтып берсеңіз…

- 1970 жылы 23 қыркүйекте Марқакөл ауданы Былғары-Табыты ауылында дүниеге келдім. Балалық шағым 60-70 шақты шаңырағы бар қазақи ауылда өтті. Қарапайым отбасында өстім. Әкем совхозда техника тізгіндесе, анам бала тәрбиесімен айналысты. Үйде 6 бала едік, бір бауырымыз қайтыс болды. Қалған бесеуіміз шығыста өсіп-өніп жатырмыз. 1985 жылы 8 жылдық мектепті аяқтап, Өскемендегі педагогикалық училищеге оқуға түстім. Оған дейін қалаға мүлдем барып көрмеген соң ондағы өмір бізге таңсық еді. Апайларымыз оқудан келгенде бір-екі алма әкелсе де, мәз болатынбыз. Сөйтіп, жатақханаға орналасып, студенттік өмір басталып кетті. Өте білімді, тарихты жақсы білетін Николай Николаевич есімді азамат училищеде директор болды. Мектептегі үлгерімім жақсы еді. Қалада орысша оқығандықтан, арасында қиналып қалатынбыз. Негізінен спортқа бейім болдым. Түрлі секцияларға қатысып жүрдім.

- Желтоқсан оқиғасы туралы қалай білдіңіз?

- 1986 жылы 2 курс оқып жүрген едім. Жасым 16-да. Күзгі науқанда совхозға барып, картоп теретінбіз. Бір ай уақытымыз сонда өтетін. Сөйтіп жүргенде ызғарлы желтоқсан да келді. Бәріміз тай-құлындай бірге өсіп, жатақханадағы қызықты күндеріміз өтіп жатты. 3 қабатта 30-40 шақты ұл тұратын. Ал 4-5 қабатта қыздар болды. Көтеріліс туралы жатақхана ішінде  бір-бірімізден естідік. Кешкі уақытта төменгі қабаттағы бөлмеде теледидар көретінбіз. 16 желтоқсанда Алматыда жастар жиналып жатыр дегенді естіп, қобалжыдық. 17-і күні бізге ешқандай хабар келмеді. Бірақ күзет күшейтіліп, ешкімді ешқайда шығармады. Біздің жатақхана училищенің тура жанында, бұрынғы Амурская (қазіргі Қ.Бітібаева көшесі) көшесінде орналасқан еді. Екі ортада тек бақылаумен жүретінбіз. Дүкенге де 2-3 адамнан шығуға болмайды. Әйтпесе, бірден алып кетеміз деп ескерту жасайтын. Солай тек жатақхананың маңайында жүрдік.

- Алаңға шыққан күні болған оқиғаны баяндап берсеңіз…

- Алаңға қалай шығатынын әркім әрқалай айтып жүрді. Бәрі де бұрынғы Ленин алаңына (қазіргі Республика алаңы) барып, наразалық білдіргісі келді. Қарағандыдан да жастар келеді деп  естідім. 21 желтоқсан күні кешкі сағат 5-7 кезінде училищенің бірталай жігіті жатақхананың артқы жағынан секіріп шығып, жеке-жеке алаңға қарай беттедік. Үстіңгі қабаттағы қыздар да бір-біріне хат жазып, шығатын уақытты хабарлады. ШҚТУ сынды жоғары оқу орнының студенттері де келді. Барлығы шеруді «Юбилейный» кинотеатрынан бастады. 300 адамнан құралған топ Орджоникидзе көшесінің (қазіргі С.Нұрмағамбетов көшесі) бойымен жүріп өтіп, Республика алаңына жиналдық. Ондағы жастар саны шамамен 1000-ға жетті. - Наразылық білдірген жастарға қандай қысым көрсетілді?

- Жасақ қызметкерлері бас көтеріп, артық мінез-құлық көрсеткендерді алып кетіп жатты. Маңайымызда милиция мен сарбаздар толып жүрді. Бірақ қатты қысым жасамады. Әнұран айтып, өзімізше сес көрсеткен боламыз. Артымызда өрт сөндірушілер, сарбаздар мен милициия коллонасы еріп отырды. Алаңға жеткенде №45 дәріхана жақтан әскерилер қарсы келе жатыр екен. Саптың басындағы қыз-жігіттердің бәрі бұрылып, «Вояж» ресторанының алдына жиналдық. Сол кезде бізді жан-жақтан қаумалап, қоршауға алды. Мен Дәулет, Ермек есімді достарыммен тұрдым. Ешкімге балағат сөз айтып, қол көтерген жоқпыз. Заң бұзбаған соң қашпадық. Ол кезде милиция қызметкерлерін пір тұтатынбыз. «Моя милиция меня бережет» деген ой қалыптасқан. Бірақ екі милиция қызметкері екі қолымды қайырып, көліктің артына апарды. Қарсылық көрсетпедік. Көлікке кіре бергенде біреуі есікпен басымнан ұрып жіберді. Екі кісі сыятын көлікке 5-6 адамды бірақ тиеді. Сөйтіп, Стахановская көшесіндегі абақтыға қамалып, тергеу басталды.

Әрине, қашкандар да болды. Есімде, бізден 1 курс кіші оқыған жігітті ұстап алған екен. Оның қалтасынан «Юбилейный» кинотеатрының билеті табыла кетіп, кинодан келе жатырмын деген сылтаумен қашып шыққан. Ол кезде билетті тексеруге уақыт та болмады ғой. Ал қыздардың кейбірін трамвайдан ұстап алған.

- Тергеуде неше күн болдыңыз?

- 21 желтоқсан кешке қарай қамалдым. 3 күн абақтыда болдым. Бір кісіге арналған камераға 11 баланы қамады. Отыратын жер де жоқ. Үш кісі сыятын орындыққа кезек-кезек отырып, түнеп шықтық. Камерада дәретхана да болмады, бір шұңқыр ғана бар екен. Бойымызға сіңіп кеткен иіс өзімізге білінбеді, жатақханаға жеткенде шошып кеткендер болды. Әрбір 10 минут сайын тергеу жүргізіледі. Қызметкерлердің көбі орыс ұлтының өкілдері болды. Қазақтың да жігіттері кездесті. Олар біздің артымыздан қарап жүрді. «Алаңға неге бардыңдар? Бастап барғандардың аты-жөні кім?» деген сынды сұрақтар қарша борады.  Дұрыс жауап бермесең, соққыға ұшырайсың. Бойы ұзын, қазақтың сары жігіті есімде қалыпты. Бір өкпемді түсіре жаздаған еді. Кетер кезде өшін алғысы келді ме, әлде жауап береді деп ойлады ма екен, білмеймін. Сұрақ қойып жатқан жігітке қарап отырғанымда артымнан келіп бірнеше рет төпештеп жіберді. Сөйтіп, түрмеден түнгі сағат 2-де босатты. Әлі есімде, далада 25-30 градус аяз сықырлап тұр. Жеңіл киініп шыққанбыз, неше күн нәр татпадық. Камерада жатқанымызда ШҚТУ-дың жігіттері де болған еді. Жасы 20-дан асқан олар милициядан су мен тамақ талап етті. Біреуі келіп, төрт бәліш әкеп берді. Бәріміз соны бөліп, жеп алдық.

Ол кезде студенттер қалашығынан басқа жерді дұрыс білмейміз де. Жұпыны киінген біздер түнгі сағат 3-4-тің шамасында жатақханаға келдік. Басқа баратын жеріміз де болмады. Астыңғы қабатта күзет күшейтілген соң, артқы жағына барып, жоғары қабаттың терезесіне қар лақтырдық. Қай қыз екені нақты есімде жоқ, бірақ төсек жаймаларын бір-бірімен байлап, төменге тастады. Спортқа бейім болған соң тезірек өрмелеп шықтық. Сөйтіп, баспалдақ жақта тығылып жаттық.

Таңғы сағат 7 шамасында директор жатақхананың ішін аралап жүр екен. «Чем здесь воняет?» деп біздің үстімізге сіңіп қалған иістен жиіркенді. Біз болсақ, ешкімге көрінбей, терезеден секіріп шығып, қайтадан көшеге кетеміз. Сәбира терезеден секіріп, қайтыс болған соң бізді жатақханадан бірден шығарып жіберді. Бірақ паналайтын жер болмаған соң, түнде жасырын қайта келетінбіз. Таңғы сағат 6-7-де шығып кетіп, ашық тұрған дүкендерге кіріп жылынамыз. Уақыт өткізбек боп әуежай жаққа барамыз. Түнде қонуға ғана келеміз.

- Сол уақытта іштей қорқыныш пен өкініш болмады ма?

- Бір жағынан балалық, бір жағынан намыс жібермегеннен кейін болар, қорқыныш аса сезілмеді. Қатты бір өкініш бар деп те айта алмаймын. Бірақ алаңға шықпаған құрбы-құрдастарымыз оқу бітіріп, лауазымды қызметте отырғанын көргенде бұл да тағдырдың жазғаны екенін түсінесің.

- Сіз Желтоқсан құрбаны Сәбира Мұхамеджановамен де жақсы таныс болған екенсіз. Батыр қыз жайлы естеліктеріңізбен бөліссеңіз...

- Студент болған соң үстіңгі қабаттағы холлда би кештерін ұйымдастырып тұратынбыз. Желтоқсанға қатысқан қыз-жігіттердің бәрі бір-бірімен жақсы араласты. Сәбира менің Қайрат есімді марқұм боп кеткен досымның сыныптасы еді. Екеуі де Тарбағайдың тумасы. Сәбирамен талай дәмдес болдық. Ол еркекшоралау, тік мінезді, қайсар әрі өжет қыз болды. Бойы аласа, шашы қысқа қыздың бейнесі көз алдымнан әлі күнге дейін кетпейді. Сәбираның топтастары мен жоғары курс студенттері туысыма, дүкенге барамын деген сылтаумен алаңға күндізгі уақытта шыққан екен. Сәбира №3 жатақхананың 5 қабатында тұратын еді. 26 желтоқсан күні ол бөлмеге ашуланып кірген екен. Сәбира бір аяғын үстелге, бір аяғын терезе жақтауына қойып, секіріп кетті. Барлығының осылай аяқталатынын кім білген? Сәбира  қыздарды қыспақтан аман алып қалу үшін өз жанын құрбан етті ғой. Оның құрбылары әлі күнге дейін оны ұмытқан емес. Бүгінде олар немере сүйіп, апа атанып отыр. Сәбира өз өмірін тәуекелге тікпесе, қанша қыздың өмірі қиылары беймәлім. Себебі сол кездегі қиындыққа шыдай алмай, ине жұтып, тамырын кеспекші болғандар бар еді. Сәбираның өлімінен соң тергеу де тоқтатылды.

- Дүрбелең басылған соң оқуға орала алдыңыз ба? Кейінгі өміріңіз қалай жалғасты?

- Тергеу аяқталған соң училищеде қысым жалғаса берді. Бізді комсомолдан шығарып тастады, туған-туысқандар арасында да бұл әрекетімізді сөккендер болды. Бізге «нашақор, бұзақы» сынды айыптар тағылды. Училищенің АКТ залында комиссия жиналыс ұйымдастырды. Бізді бір-бірден шақырып, сұрақтарын жаудырды. Сөйтіп, оқудан шығарылдым. 29 желтоқсанға қарай әкем келді. Құжаттарымды жинап, мені ауылға алып кетті. Бірақ ол жақта да КГБ артымыздан аңдып, мұғалім, ата-анамызбен жұмыс істеді. Совхозда шопанның көмекшісі болып жұмыс істеп жүрдім. 1987 жылдың күзінде қалаға келіп, білімімді жалғастырғым келді. Алайда рұқсат бермеді. 1988 жылдың желтоқсанында Ресейге әскерге шақырылдым. Екі жылдан соң елге оралып, 1991-дің күзінде Өскеменге қайта келдім. Училищенің жаңадан тағайындалған директоры мені оқуға қабылдады. 1994 жылы училищені аяқтаған соң шаңырақ көтердім. Ауылдағы мектепте 12 жылдай жұмыс істедім. Өмір жалғаса берді. 2000 жылдары ҚАЕУ-де «Психология» мамандығы бойынша диплом алдым. Ауылдағы шағын мектепте меңгеруші болдым. Білім ордасы жабылған соң қалаға көшуді ойластырдық. Бір жағынан балаларым да өсіп қалған еді. 2006 жылы Өскеменге қоныс аудардық. Осындағы мектептерге түйіндемемді тараттым. Отбасылық жағдайға байланысты мамандық бойынша жұмыстан қол үзіп қалдым. Соңғы 10 жылдан бері «Өскемен – Водоканал» кәсіпорнында еңбек етемін.

- Денсаулығыңызға қандай зиян келді?

- Қатты бір зардап шектім деп айтпаймын. Тек кейде жүйке жүйем сыр береді. Мінезімнен бе, әлде сол оқиғаның әсерінен бе екен, білмеймін. Бірақ ол туралы шағымданған емеспін. Өзімді сабырға шақыруға тырысамын.

- Бүгінгі күні мемлекет тарапынан желтоқсаншыларға көмек көрсетіле ме?

- Марқакөлде желтоқсан туралы көпке дейін айтылмады. 2020 жылы Сәбира 50 жасқа толғанда қатым түсіріліп, Қазақстанның түкпір-түкпірінен желтоқсаншылар келді. Сол жерде Сәбира Өмірбекова есімді группаласыммен кездестім. Көтеріліске қатысқан жігіттермен де тілдестік. Сол кезде «Желтоқсан – 86» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марат Рамазанов ағамызбен таныстық. Ақтау жұмыстарына кірістік. Алғашқылардың бірі болып мен ақталдым. Қазірге дейін бірлестік  жұмысы жалғасып келеді. Кездесулер ұйымдастырылып тұрады. Ал мемлекеттен оған дейін айтарлықтай көмек болмады. Жыл сайын Тәуелсіздік күніне қарсы аздаған тиын-тебен алып тұрамыз. Тәуелсіздіктің 30 жылдығында медаль берілді. Прокуратора «саяси қуғын-сүргін құрбаны болып табылады және ақталды» деген құжат берген. Бірақ оның аса бір пайдасы білінбейді. Зейнетке шықса, мүгедектігі болса жеңілдіктер қарастырылған екен. Қазақстанның басқа өңірлерінде желтоқсаншыларға бірқатар жеңілдік жасалғанын естідік. Алайда өзіміз оған әлі жетпедік.

  - Сөз соңында Тәуелсіздік күніне орай тілегіңіз болса?

- Заман өзгерді ме, әлде адам өзгерді ме екен, ештеңе де бір орнында тұрмайды. Сондықтан жастарға ізденіс керек, білімге ұмтылған жөн. Қазір үш қазақтың бірігіп орысша сөйлейтінін жиі көріп жүрміз ғой. Әрине ішің күйеді. Қазақ мектебі деген аты ғана, әйтпесе қоңырау кезінде оқушылар орысша шүлдірлеп тұрады. Сол себепті, өскелең ұрпақ ана тілін, салт-дәстүрін құрметтесе екен деймін. Бастысы – заманымыз тыныш болсын. Тәуелсіздігіміз тұғырлы болып, көк туымыз желбірей берсін. Ел іргесі аман болсын. Желтоқсан көтерілісінің алғашқы қарлығаштары, батырлары аман болсын. Бұл тарихи оқиға жыл көлемінде дәріптелу керек деп ойлаймын.

Қымбат МУХАМАДИЕВА

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив