A+ A A-

talgatzhan 43 19-12-2024, 09:30 0

Катонқарағайлық Сағи Мирашқызы бие сауып, кәсібін дөңгелетіп отыр

Бүгін / ШҚО / Сұхбат

Катонқарағай ауданындағы Белқарағай ауылының тұрғыны Сағи Мирашқызы атажұртқа оралмай тұрып, бие байлау дегенді мүлде білмепті. «Жылқы малында береке бар» деген. Қазір ол бойдағы қуат кемімеген шақта осы кәсіпті әрі қарай дөңгелетуге ниетті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

«Қыста да бие сауамыз»

Атажұртына қоныс аударуды құп көрген шаңырақтың бірі 2018 жылы Қытайдан Шығыс Қазақстанға жол тартқан. Келгеннен бері бие сауумен айналысып келеді.
– Осымен жеті жылдай болды. Катонқарағай ауданының қымызы мен өнімдері өзіндік брендке ие. Өткенде Астана қаласына барып бір 1,6 тонна қымыз өткіздік. Бие байлаудың қиындығы да бар, берекесі де мол, – деді Сағи Мирашқызы.
Сұраныс артқан кезде санаулы күн ішінде бірнеше тонналап өткен сәттері аз емес.
– Арғы жақтан келгенде қазіргі кәсібіміздің алға басатындығына күмәнмен қарадық. Оған дейін бие сауып көрмегенбіз. Бәрін осы жаққа келгенде үйрендім. Аяқ алысымызды 10 бие сауудан бастадық. Қазір 20-дан асады, – деді Белқарағай тұрғыны.
Қылқұйрықтының күтімі отағасы Тілеубек Мұратбектің мойынында. Өзі бағып, мал етектен түскенше күйлі етіп қояды. Қыста сұраныс азаяды. Бірақ бие саууды тоқтатпайды. Катонқарағайдың қытымыр қысына бой үйреткен шаңырақ бұл уақытта 7-8 биені қамтиды. Ерте туғандарын қоя беріп, жай туғандарын алып қалады. Қызығы сол, Белқарағайдың қымызын катондықтардан бұрын алыс-жақыннан келген туристер мен саяхатшылар көптеп алады. Сауда әсіресе жазда қызады.
– Жәрмеңке мен тойларға барсақ та, олжалы қайтамыз. Қыста үйге келіп сатып алады. Негізгі кәсібіміз де, табыс көзі де – осы. Ит арқасы қиянда жүріп, елге оралғанда мемлекет те, мұндағы жұрт та жылы қабақ танытты. Бізге қолдау білдірген әр адамға алғыс айтамын. Қазақстанға ризамыз, – деді Сағи Мирашқызы.

«Биелер құлынын тастады»
Аудан халқының сөзінше, бие байлайтындар қарасы осы Белқарағай ауылында қалың. Көбі жылқы бақса да, бие сауып, табыс табудан өзара бәсекеге түспеген. Қайта бір-біріне тілекші. Халқы ұйымшыл.
– Ауылымыз керемет. Барған адам табиғатына таңданып қайтады. Не де болса, осындай қауырт тірлікте жолдасым мен балам екі жақтап қолұшын береді. Биені өзім сауамын, өзім ашытамын. Күбіде арнайы тоқ құрылғы арқылы пісеміз, – деді тұрғын.
Белқарағайдың жазығында желдей ескен Заңғар да пысық-ширақ һәм алғыр. Әкесі Ілияс Бейсенбі және анасы Зайнұр Қабдырасулдың қолқанаты. Жылқы шаруашылығына қатысты қазақтың көнерген сөздерін де жақсы біледі. Бие сауу барысын қысқа әрі ұғынықты етіп айтып берді.
– Таңертең 5:00-де әкелеміз биені. 8:00-ден бастап, екі сағатта бір сауып тұрамыз. Сүтті апарып құйып, бес минуттай пісеміз. Жылқы күтімінің өз қиындығы бар. Қыстың шыңылтыр аязында әкем ат ерттеп, тауға апарып бағады. Қысыр биелер тебіннен шыққанда соларды сауамыз. Биыл қыс қатты болып, көп бие құлынын тастап кетті. Алдымен жаңбыр жауып, іле аяз түскенде тебіндеп шөп таба алмай қалды, – деді он үш жастағы Заңғар Бейсенбі.

Белқарағайлықтар жуықта елдегі ең ұзын көпірдің ашылу тойына тура 200 литр қымыз апарды. Газет тілшісі мақала кейіпкерлерімен сол жақта жүздескен болатын. Бір литрі –

1300 теңге, 5 литрі – 6000 теңгеден саудаланды. Сағи Мирашқызы бойдағы қуат кемімеген шақта осы кәсіпті әрі қарай дөңгелетпек.
Ауылдық округ әкімдігінің ақпаратынша, мұнда 430-ға тарта адам тұрады. 11 үйде бие сауады. Округты алсақ, 34 үй бие байлап отыр. Мұндағы жеткіншектер ат жалын тартып мінген шақтан ата-анасына көмектесуді басшылыққа алады. Белқарағай іргесіндегі қожалықтарда да әркез қарбалас тірлік.

Әділхан ЕСІМХАНОВ

Суретте: Заңғар Бейсенбі мен Сағи Мирашқызы

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив