
Өңірде әжетханалары әлі де далада орын тепкен мектептер бар. Мұны естіген бойда облыстық Білім басқармасының өкілдері жағдайдан бейхабар екендерін жеткізіп, жиындардың бірінде «тексеріс жүргізейік» деп жауап қатқан болатын. Шындығында, бұл таң қалатын жағдай емес. Қай ауылға аялдасаңыз да, «патшалар жаяу баратын жердің» мектептен 30-40 метр жерде екені рас. Сұраухат жіберудің орайы түскенде тиісті басқарма өкілдеріне білім саласына қатысты бірқатар сұрағымызды қойған едік, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Шенеунік жақтырмаған сұрақ
Естіген боларсыздар, соңғы жылдары «Жайлы мектеп» жобасы жиі тілге тиек етіліп, аудандар мен қалаларда білім ордалары бой көтеріп жатыр деген ақпарат тарауда. Бұл оң хабар әрине. Бірақ кез келген қауырт жұмыс басталғанда соның айналасында біршама сұрақ туындайтыны белгілі. Өскеменде өткен баспасөз жиындарының бірінде Білім басқармасы басшының орынбасары Алима Ақылбекызына аталған жобаға байланысты сұрақ қоя бастап едік, «бүгін ол туралы тақырып көтерілген жоқ қой» деп әңгіме ауанын бұрып үлгерді. Міне, осыған таң қалуға болады. Баспасөз жиыны болғандықтан сұрақ таңдамауы тиіс еді, амалсыздан редакцияға келіп, сұраухат әзірледік. Басқарма өкілдері БАҚ заңын белден баспай, санаулы күндер ішінде ресми мәліметтерімен бөлісті.
Шығыс Қазақстан көлемінде 344 мектеп бар. Солардың ішінде: 148-і – қазақ тілді, 102-сі – орыс тілді және 94 мектеп аралас тілді. Басқарма басшысы Иннеса Чернышёваның сөзінше, өңірдегі бірде-бір мектеп апатты жағдайда деп танылған жоқ. Ал 21 мектеп күрделі жөндеуді қажет етеді.
Басқарма өкілдерінің мына бір мәліметі елең еткізді. Иннеса Александровнаның сөзінше, облыста әжетханасы далада орналасқан мектеп жоқ. Бұл ақпарат рас болса, өзекті мәселенің әлдеқашан шешімін тапқаны. Бірақ олай болмай тұр. Бірқатар ауданда оқушылар үзіліс кезінде улап-шулап мектептен ұзап барып қажетін өтейді. Қыстың көзі қырауда қалың киімдерін іле салып, құстай ұшатындары бар, болмаса бас киімін кие жүгіре жөнелетіндері бар. Дәретханасы далада орналасқан мектептердің бірнешеуі Самар ауданында бар. Сеніммен жазылған сөйлемнің шындықпен қабыспай тұрған бір тұсы осы. Дұрыс мәліметтің берілмеуіне екі жағдай себеп болуы мүмкін. Алдымен басқарма басшылығы аудан, ауылдардағы жағдайдан бейхабар немесе аудандық білім бөлімдері шындықты айтқылары жоқ.
Алима Ақылбекқызы жауап беруге құлшынбаған тақырып – «Жайлы мектеп» жобасына қатысты. Мәлім болғандай, аталған ұлттық жоба аймақта 2023 жылдан іске асырыла бастады. Бірақ қанша қаржы бөлінгені беймәлім. Бұның алдында осыған қатысты деректі Құрылыс, энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары Саят Тойкенов ұсынған-тын. Әу баста ұлттық жоба аясында өңірде 10 білім ошағы бой көтереді делінген еді. Соңғы мәліметтерге сенсек, олардың саны 7-ге қысқарды. Неліктен? Осының анық-қанығы туралы былай айтты:
– Бастапқыда 10 мектеп деп бекітілген. Бірақ бүгінде осы жоба шеңберінде 7 мектеп салынып жатыр. Неге деген сұрақтың бір жауабы – қаржыландыру болмады. Жалпы, 7 мектеп құрылысына 27,3 млрд теңге қарастырылған, – деді Саят Ерланұлы.
Мектеп саны неге азайды?
Иннеса Чернышёва бұл туралы заңнамаға сүйеніп, ұзын-сонар мәліметпен бөлісті.
– ҚР Премьер-министрінің 2024 жылғы 23-ші қыркүйектегі тапсырмасына сәйкес ҚР Үкіметінің 2022 жылғы 30-шы қарашадағы №963-ші қаулысына II кезеңді (152 мектеп) алып тастау бойынша өзгерістер енгізілуіне байланысты бастапқыда жоспарланған 10 мектептің саны 7-ге азайды, – делінген ресми жауапта.
«Жайлы мектептердің» несі жайлы деген сауалдың туындауы да орынды шығар. Саят Тойкеновтің қазан айында берген ақпаратына сүйенсек, мектептердің нысаналы құрылысы бойынша «Samruk-Kazyna Construction» АҚ тапсырыс беруші болып саналады.
– Өздеріңіз білетіндей, 2023 жылы «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасын іске асыру басталды. Жайлы мектептердің ерекшелігі сол, бастауыш және жоғары сынып оқушыларын бөлек блоктарда оқытады. Бұл қауіпсіздік шараларын арттыру мәселелерін шешеді. Әр мектепте психолог және логопед кабинеттері, робототехника, биотехнология, STEM зертханалары, хореография залы, коворкингтер, 600 орындық мектептерде жеке спорт залдары (бастауыш және жоғары сыныптар үшін) болады, – деген еді ол.
Ұлттық пилоттық жоба аясындағы құрылыс Өскемен мен Риддерден (600 орындық) бөлек, бірнеше ауданда қолға алынды. Иннеса Чернышёваның сөзінше, төрт мектеп биыл, қалған үшеуі келер жылы бітеді деп жоспарланған. Шемонаиха ауданындағы 300 орындық мектеп қараша бітпей тәмамдалды. Бұл орыс тілінде оқытатын білім ошағы. Шемонаиха аудандық білім бөліміндегілер облыстық басқарма басшылығына осылай депті.
Өскеменнің өзінде 1500 орындық үш мектептің, сосын Белоусовка кенті мен Опытное поле ауылында ғимарат құрылысы жүргізілмек. Айтпақшы, қазан айы басталмай тұрып, білім тақырыбындағы бірнеше сұрақ аудан әкімдіктеріне жіберілген еді. Бес-алты ауданды мысал етейік. Самарда 4, Зайсанда 2, Тарбағатайда 3 мектеп күрделі жөндеуді қажет етеді.
Қуанышқа орай, оқушылар мен ұстаздар үшін қауіп бұлтын үйірген Мариногорка орта мектебінің (Самар ауданында) қазандығы жөнделді. Ол тиісті тексерулер нәтижесінде апаттық жағдайда деген санаттан биыл алынды.
Не де болса, аймақта қабырғасы қаусап, апаттық жағдайда тұрған мектеп жоқ. Бірақ білім басшылығы өкілдерінің дәретханаға қатысты ақпараттары дәлдікпен ұсынылмады. Бәлкім, оларға әлде де ауылдарды аралап, мәселеге тереңірек үңілген жөн сияқты.
Әділхан ЕСІМХАНОВ
Фотосурет автордікі (Самар ауданындағы мектептің далада орналасқан әжетханасы)
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер