A+ A A-

talgatzhan 31 16-01-2025, 10:00 0

Қаңғыбас иттер қаптады: Былтыр облыста ит қапқан 736 адам дәрігерге жүгінген

Бүгін / ШҚО / Өзекті мәселе

Облыста бұралқы иттерге қатысты жағдай әлі де ушығып тұр. Әсіресе қыс басталғалы жұрттың зәре-құтын қашырып, тұрғын үйлердің маңайында топтасып жүретін иттер көбейді. Былтырдың өзінде аймақта 700-ден астам азамат жарақат алып, медициналық көмекке жүгінген. Олардың ең кішісі екі жаста, ал ең үлкенінің 83 жаста екені белгілі болды. Ал кеше ғана әлеуметтік желіде Өскемендегі №46 мектептің қасында ересек адамға тап берген бір топ иттің видеосы тарады. Ғаламтор қолданушылары қаланың қақ ортасындағы иесіз, аш иттердің қауіп төндіретінін, оларды ату туралы заңға өзгеріс керек екенін жеткізді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Зардап шеккендердің шегі жоқ

Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылдың 17 желтоқсанында Лесхоз кентінде қайғылы оқиға болды. Алты жастағы қыз баланы дәл туған күні қарсаңында ит талап өлтірген. Бұл жағдайдан кейін елдімекен тұрғындары өз наразылығын білдіріп, үндеу жасаған еді.

- Біз Өскемендегі Лесхоз кенті мен көршілес бау-бақша серіктестіктерінің тұрғындары жоғары органдардың бұл мәселеге баса назар аударуын сұраймыз. Қаршадай қыз оқыстан көз жұмды. Біз қалалық қоқыс алаңының іргесіндегі қауіпті аймақта тұрып жатырмыз. Бұл жерде үнемі иттер жүреді, - деді олар.

Ал өткен айдың басында Риддерде 11 жастағы баланы 5 ит талап тастай жаздаған. Оқиға Комсомольская көшесіндегі дүкен маңында болды.

- Бала нан алып, сыртқа шықты. Бір минуттан соң оның айқайлаған даусын естіп, терезеге қарадым. Бес үлкен иттің баланы қоршап, тістеп жатқанын көріп, бірден сыртқа шықтым. Иттерді қуып жібердім. Бала шошынғаннан қатты жылап, денесінің ауырып тұрғанын айтты, - дейді дүкен иесі Екатерина Романенко.

Ауруханаға жеткізілген баланың қолы, аяғы мен арқасында жарақаттар болды.

- Қазір баламды аялдамаға дейін өзім шығарып салып, күтіп аламын. Мұндай оқиғаның қайталануынан қорқамын, - деді оқушының анасы. 

Оқиға орнында полицейлер мен қалалық мамандандырылған ветеринарлық бөлімшенің қызметкерлері тексеріс жүргізді. 

- Бізге зардап шеккен тараптан арыз түсті. Иттер мекендейтін жерді бірден іздестіруге көштік.  Ол жерде тағы он шақты жануардың бар екені анықталды. Тоғызын оқшаулап, арнайы орынға жібердік, - дейді учаскелік полиция инспекторы, капитан Ернат Сағындықов.

Ал Шығыс Қазақстан облысы Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 2024 жылы аймақта ит қапқан 736 адам дәрігерге жүгінген.

- Зардап шеккендер саны бойынша Өскемен көш бастап тұр. Мұнда 467 жағдай тіркелген. Риддер қаласы мен Алтай ауданында да зардап шеккендер саны көп. Олардың ең кішісі екі жаста, ең егдесі 83 жаста. Ал 2023 жылы облыстағы медициналық мекемелерде осындай 660 өтініш тіркелген, - делінген ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің ақпаратында.

Мәселе қалай шешілмек?

2022 жылдың 2 наурызында «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» ҚР Заңы күшіне енді. Оның негізгі мақсаты - жануарларға деген қарым-қатынасты құқықтық реттеу, оларға адамгершілік көзқарас таныту.

- Заң күшіне енгеннен кейін Қазақстанда қаңғыбас жануарларды аулау және өлтіру тоқтатылады, - деген еді Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Әлия Шалабекова.

Облыста бұралқы иттерді аулау, зарарсыздандыру, чиптеу және баспаналарға орналастыру шаралары жүзеге асырылып келеді. Өңірде барлығы сегіз жеке меншік баспана мен 11 уақытша ұстау изоляторы бар. Бірақ бұл жеткіліксіз.

- 2025 жылы Өскеменде қаңғыбас жануарлар паналайтын 500 орындық жаңа баспана салу жоспарланып отыр. Бұл қазіргі жағдайды жақсартуға әсер етуі керек. Аталған нысан 28-шағын ауданда орналаспақ, - деді ШҚО Ветеринария басқармасының басшысы Рамиль Сағандықов.

Айта кетейік, өңір тұрғындарының тарапынан иесіз иттерді аулау туралы өтініштер саны да артып келеді. 2023 жылы 3702, ал 2024 жылы 4538 өтініш келіп түскен.

- Соңғы үш жылда жануарларды атуға тыйым салынғандықтан қаңғыбас иттер санының көбеюі байқалады. 2024 жылы облыста 6000 бұралқы ит ауланып, 1976-сы эвтанизацияланды, - деді облыстық Ветеринария басқармасының өкілдері.

Бүгінгі күні Өскеменнің өзінде 1500-ден астам ит пен 50-ден астам иттер тобыры анықталған. Оның ішінде Ново-Явленка, Ахмер, Прудхоз, Меновное елдімекендері бар.

Жануарлардың құқығын қорғаушылар олардың иелерін қатаң бақылауға алып, чиптеусіз мәселені шешу мүмкін емес деп санайды. Олардың пікірінше, азаматтардың жануарларға немқұрайлы қарауы жағдайдың ушығуына әкеп соғуда. Адамдар ит асырап, кейін оны далаға еркін жібере салады. Салдарынан иесіз иттердің тобыры пайда болады. Бұл өз кезегінде ересектер мен балаларға қауіп төндіреді.

Сарапшылардың айтуынша, бұл мәселе жүйелі шешімді талап етеді. Ол үшін міндетті чиптеу, жануарлар иелерінің жауапкершілігін арттыру, бақылауды күшейту сынды шаралар қолға алынуы қажет. Әйтпегенде, оқыс оқиғалар мен зардап шеккендер санының азаймайтыны анық.

Қымбат МУХАМАДИЕВА

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив