26 қыркүйекте ШҚО мемлекеттік кірістер департаментінің бастамасымен Атамекен ҰКП ШҚО филиалы, консалтингтік компания өкілдері, кәсіпкерлер мен салық төлеушілерге арналған семинар ұйымдастырылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жиын барысында мүлік пен көлік салығы, 250 және 270 формасындағы декларация, кедендік тексеру мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) туралы маңызды мәселелер талқыланды. 1 қазан күні Қазақстанда жылжымайтын мүлік және жер учаскелерінің меншік иелерінің 2023 жылға мүлік салығын төлеу мерзімі аяқталады. Жеке тұлғалардың мүлкіне салынатын салық күнтізбелік жылға есептеледі: 1 қаңтардан 31 желтоқсанға дейін. Осы тұста амандар салықты дер кезінде төлеуді еске салды.
-Бүгінгі семинар барысында азаматтарға салық төлеу тәртібі туралы жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Тамыз айында біз барлық салық төлеушіге push-хабарлама жібердік. Егер азамат салықты дер кезінде төлемесе, ескерту жасап, оған өсімақы қосылады. Қарызды жаппаған жағдайда салық бұйрығы шығарылып, іс жеке сот орындаушысына жіберіледі. Сондықтан азаматтарға түсіністік танытып, салықты уақтылы төлеу керектігін еске саламыз, - дейді ШҚО мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасының басшысы Гүлмира Сабралимова.
Семинар барысында декларация өткізу тәртібі де пысықталды. Биыл облыста декларация тапсыру 16 қыркүйекте аяқталған. Белгілі болғандай, 270 форманы халықтың 88 пайызы, ал 250 форманы 86 пайызы тапсырды. Айта кетейік, салық органдары алдымен ескерту жасайды, оны елемеген жағдайда 15 АЕК, яғни 55 мың 380 теңге көлемінде айыппұл салынады.
Сондай-ақ 4 қыркүйек - 31 желтоқсан аралығында “Чекті алып, жүлде ұтып ал” акциясы өтуде. Шараның мақсаты - көлеңкелі экономикамен күресіп, тұтынушылардың құқығын қорғау. Акцияға кез-келген адам қатыса алады. Қаңдай да бір тауарды сатып алып, “Amian” қосымшасына чекті орналастыру керек. Осылайша бағалы сыйлыққа ие болуға мүмкіндік бар.
Қымбат МУХАМАДИЕВА
Пікірлер