
Риддердегі ТОП-5 туристік орын: Кеншілер шаһарында қандай көрікті жерлер бар?
Кеншілер шаһарына айналған Риддердің тұмса табиғаты мен орналасқан жері тек ауылдық қана емес, медициналық туризмді де жандандыруға мүмкіндік береді. Белгілі болғандай, 2024 жылдың жартыжылдығында мұнда 20 500 турист табан тіреген. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 23,3%-ға артық, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Риддер қаласы әкімінің орынбасары Болат Акужановтың айтуынша, «Топ-50» туристік картасына сәйкес, Риддер «Алтай тау шаңғысы кластерінің» қатарына жатады.
- Қазіргі таңда туризм саласы бойынша үш басым аймақ анықталған. Олар: Үлбі кенті, Поперечное және Коноваловка ауылдары. Риддерде мәдени-танымдық, ауылдық-этнографиялық, спорттық, экстремалды туризм түрлері кеңінен танымал. Сондай-ақ 2024 жылы «BearLog» демалыс базасының құрылысы аяқталды. Мұнда қонақүй, мейрамхана, сауна мен орыс моншасы, арнайы демалыс аймағы бар, - деді ол.
Ресми ақпарат бойынша Риддерде барлығы 38 туристік нысан бар. Атап айтқанда, 12 қонақүй, 23 қонуға арналған орын, «Эдельвейс», «StardustCamp» сынды 2 тау шаңғы базасы, балалар лагері. Ал Поперечное ауылындағы «Арт-Изба» қонақ үйіне келушілер саны өткен жылмен салыстырғанда 23,3 пайызға артып, 20,5 мыңнан асты.
Жалпы Өскеменнен Риддерге дейін арақашықтық шамамен 130 шақырымды құрайды. Діттеген жерге 2 сағат ішінде жетуге болады. Мұнда туристер көбіне мамыр-қыркүйек айлары аралығында келеді. Себебі табиғаттың әсем көрінісі мен ерекшеліктерін дәл осы кезеңде тамашалаған бір бөлек. Қыста да шаңғы тебуге келіп, демалуға мүмкіндік бар. Дегенмен ауа-райына байланысты кей демалыс орындары жабық болуы мүмкін.
«Үш ағайынды» шыңы
Бұл жер Риддердің көрнекті орны әрі «туристік бет-бейнесі» саналады. Қалаға аяқ басқандар алдымен осы жерді тамашалауға асығады. Тауға шығуға қызығатындарға және жартасқа өрмелеумен кәсіби түрде айналысатындарға арналған орынның табиғаты да ерекше. Таудың Үлкен, Орта және Кіші болып бөлінуі туралы да халық арасында ерекше аңыздар бар деседі.
Ворошилов шыңы
Ворошилов шыңы – Иванов жотасының ең биік нүктесі. Оның биіктігі 2776 метрді құрайды. Бұл орын танымал туристік бағыт саналады. Айналасында Подбелковое немесе Радоновое, Рассыпное, Громотушинское деп аталатын бірнеше көл орналасқан.
Сонымен қатар шамамен 13 шақырым жерде Поперечное ауылы бар. Келген туристер жол-жөнекей осы жерге де тоқтай алады.
САВО шыңы
Иванов жотасының тағы бір биік шыңы 2575 метрге дейін жетеді. Тарихқа сүйенсек, 1960-1990 жылдары Ауғанстанда интернационалдық борышын өтеген Қазақ және Қырғыз КСР территориясындағы әскери бөлімдердің бірлестігі «САВО» деп аталған. Сол себепті бұл шыңға Орталық Азия әскери округінің атауы берілген.
Бір айта кетерлігі, биікке көтерілу үшін туристермен бірге жол көрсететін арнайы гидтің болғаны жөн.
«Қара түйін» геоморфологиялық кешені
Жартасты тау шыңдарының етегінде мұздық тектес көлдер бар. Оның «Қара түйін» деп аталуы да тегіннен емес. Мұндағы жоталардың қиылысқан жері бүтін бір түйінге байланғандай көрінеді. Бір жағынан, мұнда жиі жаңбыр жауып, найзағай ойнайды екен. Аспан үнемі бұлыңғыр және қара түсті болып тұрады.
Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығы
Риддерге табан тіресеңіз, міндетті түрде атбасын осында бұрыңыз. Дәл осы жерде шығыстың шырайлы табиғатын тамсана аласыз.
Қорық облыстың солтүстік-шығысында орналасып, Ресей Федерациясымен шекараласады. Ол 1992 жылы Алтай тау жүйесінің биогеоценоздарын кешенді қорғау мақсатында құрылған еді. Жалпы аумағы 86 122 гектарды құрайды. Риддерден қорыққа дейінгі жол 48 шақырымға жетеді.
Қорықтың флорасы 804 түрден тұрады. Қазақстанның Қызыл кітабына өсімдіктердің 30-ға жуық түрі енгізілген. Оның ішінде көктем жанаргүлі, қауырсын қау, дала таушымылдығы, ұсақ торлы жуа, Алтай рауғашы бар.
Сондай-ақ сүтқоректілердің құрамына 52 түр кіреді. Түлкі, аю мен сілеусін жиі кездеседі. Ормандарда күзен мен бұлғын секілді бағалы андар бар. Ал құстардың балқарағай, әуезшіл сайрақ, сарықас, алабұлбұл, қызылқұнақ сынды 130-ға жуық түрі кездеседі.
Қорықта келушілер үшін арнайы туристік маршруттар әзірленген. Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығының кеңсесі Семей көшесі, 10 мекенжайы бойынша орналасқан. Келушілер қорық қызметкерлерімен байланысып, таңдалған бағытты, жол жүру уақытын, ақылы қызметтерді талқылай алады.
Қорыққа кіру үшін келушілердің жеке куәліктері қажет. Егер жеке көлікпен саяхаттау көзделсе, техникалық құжат пен жүргізуші куәлігі керек.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақты пайдаланғаны үшін мемлекеттік бажды Қазпошта бөлімшелерінде немесе Kaspi.kz қосымшасында төлеуге болады. Қосымша қызмет ақысы төленген соң қорық аумағына кіруге арналған рұқсат қағазы беріледі.
Риддер қаласы әкімдігінің мәліметінше, биыл мұнда бірнеше туристік жоба жалғасын таппақ. Оның ішінде «Ridder Resort Hotel» қонақүйін қайта құру, ақылы балық аулау қызметін ұйымдастыру және «Палевая Яма» демалыс базасын салу бар.
Қымбат МУХАМАДИЕВА
Фотосурет ашық дереккөзден
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
{calendar}
Пікірлер