A+ A A-

talgatzhan 37 11-04-2025, 10:20 0

Тарбағатайда Бауыржан Момышұлы атындағы жаңа мектептің құрылысы басталды

Бүгін / Тарбағатай

Тарбағатай ауданына қарасты Сарыөлең ауылында 50 орындық жаңа мектептің құрылысы басталды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

Аталған құрылыс — ауданда соңғы жылдары білім беру инфрақұрылымын жаңғырту бағытында қолға алынған жұмыстардың жалғасы. Өткен жылы Тәуке және Шолақорда ауылдарында жаңа мектептер пайдалануға берілген болатын.

Сарыөлеңдегі жаңа білім ордасының алғашқы іргетасы көктемнің көкек айында қаланып, оның алғашқы қазығын аудан әкімі Дархан Жөргекбаевтың өзі қақты.

— Сарыөлең — өнер мен білімге бай ауыл. Жаңа мектеп заманауи талаптарға сай толық жабдықталады. Құрылысты жергілікті “NTR Group” мердігер компаниясы жүргізеді. Сонымен қатар ауылдың табиғаты ерекше әсем. Мұндай шағын ауылдарды дамыту — басты міндетіміз. Қазіргі таңда ауданымызда елді мекендерді сақтап қалу мақсатында басқа облыстардан көшіп келушілерді тарту жұмыстары да белсенді түрде жүргізілуде, — деді аудан басшысы.

Айта кету керек, жаңа мектеп ғимараты халқымыздың біртуар перзенті, халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының атымен аталмақ.

Сарыөлең ауылының тұрғындары жаңа мектептің салынуын ұзақ жылдардан бері күткен. Қазіргі таңда ауылда жүзге жуық адам тұрады. Құрылыс жұмыстарының басталуына ерекше қуаныш білдірген ауыл жұртшылығы ақ жаулықты аналардың шашу шашуымен мерекелік көңіл-күйде қарсы алып, мердігерлер мен әкімдік өкілдеріне ризашылықтарын жеткізді. Ауылдың ақсақалдары өз баталарын беріп, игі істің сәтті аяқталуына тілектестік білдірді.

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
1 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив