Күршімде туристер үшін инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары жүргізілуде. Соның ішінде жолдар мен демалыс аймақтары жаңартылып жатыр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
- Туризм саласын дамыту бойынша бізде «2025-2030 жылдарға арналған Күршім ауданын кешенді дамыту» жоспары бар. Жоспар бойынша Бұқтырма су қоймасының жағасында, көпірдің маңайында туристік айлақтар, демалыс кешендерін салу ойда бар. Одан бөлек, 2024 жылы ашылған көпірдің маңында туристік нысандар ашу үшін 51 га жер таңдалып алынды. Аталған учаскелер дайындалып, жуық арада аукционға беріліп, сол арқылы туристерге ұсынылатын болады, - деді Күршім ауданы Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ришат Искаков.
Туризмді дамыту мақсатында Күршімнен 10 шақырым жерде орналасқан «Орақ пен балға» учаскесінде муниципалдық жағажай ашу жұмыстары жүргізілуде.
- Бұрынғы «Орақ пен балға» учаскесін биыл туризм бойынша инфрақұрылым тарту конкурсына ұсынған болатынбыз. Аталған жерге 20 кәсіпкер қызығушылық білдіріп, «Ауыл аманаты» бағдарламасымен несие алуға құжаттарын өткізіп жатыр. 30 млн-ға дейін несие берілгеннен кейін «Орақ пен балға» учаскесінде туристік нысандарын ашуға дайын, - деді Ришат Искаков.
Бөлім басшысының айтуынша, жергілікті тауар өндірушілерге көпір маңында сауда нысандарын салып беру жоспарда бар. Одан бөлек, ауданның көркін ашу мақсатында парктер мен «Жастар аллеясы» құрылады.
- Алдағы уақытта көпірді әсемдеу, әрлеу жұмыстарынан бөлек, «Жастар аллеясы» мен этнопарк ашу ойда бар. Қаржы мәселесі шешілгеннен соң, барлығы біртіндеп іске асады, - деді Ришат Дәулетханұлы.
Пікірлер