
Күршім ауданында жаңару мен даму лебі айқын сезіледі. Таяуда ауданда «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының 21-маусымы салтанатты түрде ашылып, ел болашағын ту еткен жас буын қоғамдық жұмыстарға белсене кірісті. Сол шараға қатысқан газет тілшісі Күршімдегі ауызсу жүйелері тартылып, орталық жылу беру желісі жаңартылып жатқанын да көріп қайтты. Сонымен қатар аудан орталығынан айналма жолдың салынуы және туризм саласының даму қарқыны – экономикалық және әлеуметтік серпінді айқындап тұр. Бұл туралы толығырақ осы мақаламызда тарқаттық, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жастар жұмысқа кірісті
Күршім ауданында жастардың еңбекке деген ынтасын арттыруды көздейтін «JASYL EL» жобасының 21-еңбек маусымы ресми түрде ашылды. Ашылу салтанатына жастар ресурстық орталықтарының басшылары, мемлекеттік органдар өкілдері, қоғамдық бірлестіктер мен волонтерлер қатысты.
Аталған жобаның мақсаты – ел жастарын еңбекке баулып, экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Биыл Қазақстан бойынша 30 мыңнан астам жас маусымдық жұмыспен қамтылмақ. Атырауда республикалық деңгейде 22-23 мамыр күндері ашылған еңбек маусымының өңірлік кезеңі Күршім ауданында жалғасын тапты.
- Қазақстан бойынша 21-еңбек маусымы басталды. Жоба жылдан-жылға дамып келеді. Республика бойынша барлық өңірде іске асырылады. «JASYL EL» штабының жетекшілері мен орталықтар толық дайын, - деді республикалық штаб басшысы Нұрасыл Бекматов.
Оның айтуынша, Шығыс Қазақстан облысы бойынша еңбек маусымы үш айға – маусым, шілде және тамыз айларына жоспарланған. Дегенмен, әр өңірдің қажеттілігіне қарай бұл мерзім ұзартылуы мүмкін. Кейбір өңірлерде маусым 6-7 айға дейін жалғасуы ықтимал.
Айта кетейік, «JASYL EL» республикалық штабы 2005 жылы ҚР Президентінің қолдауымен құрылған болатын. Биыл жобаның қолға алынғанын 20 жыл толып отыр.
- Биылғы маусымда ШҚО бойынша 1000 жас жұмыспен қамтылмақ. Жастар жаз бойы абаттандыру, көгалдандыру және экологиялық шараларға атсалысады. Ай сайынғы жалақы мөлшері – 120 000 теңге. Жыл соңында үздік аудан, үздік сарбаз, үздік акция сияқты 10 аталым бойынша марапаттау жүргізіледі. Жобаға облыс бойынша 2 қала мен 13 аудан қатысады, - деді «JASYL EL» ШҚО филиалының директоры Мақсат Карибаев.
Шара соңында «JASYL EL» жастар жасағы Бұқтырма су қоймасы маңына көшеттер егіп, тазалық жұмыстарын жүргізді. Осылайша, жастар тек еңбек етіп қана қоймай, табиғатты аялауға үн қосты.
Ауызсу – әр үйге
2026 жылға дейін Күршім ауданы толығымен таза ауызсумен қамтамасыз етіледі. Қазіргі таңда 3000-ға жуық тұрғын үйді сумен қамту бойынша жұмыс қызу жүріп жатыр. Жобаның жалпы құны – 6 млрд 695 млн теңге.
- Қазір ауылда 115 шақырым су құбыры тартылып жатыр. Бұл жұмысқа бірнеше насос станциясы тартылған. Екінші кезеңде әр үйге 25-тік труба арқылы су жеткізіледі. 500 текше метрлік екі резервуар арқылы ауылға су тарайтын болады, - деді Күршім ауданының Сәулет, құрылыс, ТҮКШ және көлік бөлімінің басшысы Жанболат Жамелхан.
Жауапты мердігер – «Integra Construction» компаниясы. Оның өкілі Мирас Бақытбектің айтуынша, су жүйесі қолданысқа берілмес бұрын толық тазартудан өтеді.
- Су түрлі фильтр мен бактерияға қарсы құрылғылар арқылы өтеді. Сондықтан оның тазалығына 100% кепілдік береміз. Жұмыс толық аяқталғаннан кейін үш жылға кепілдік беріледі, - деді ол.
Жылумен қамту жүйесі жаңғыртылуда
Аудандағы инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары бұнымен шектелмейді. Қазіргі уақытта Күршім ауылында бірінші және төртінші қазандықтарда жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Нысан толық іске қосылған соң әкімдік, мектептер, базар, коммерциялық нысандар мен тұрғын үйлер жылумен қамтамасыз етіледі.
- Қыс кезінде көмірдің бір тоннасы 32 000-38 000 теңге аралығында сатылады. Сол себепті орталық жылу жүйесі халыққа тиімді әрі қажет шешім болып отыр. Қазірдің өзінде 60-қа жуық тұрғын үй, оның ішінде 9 көпқабатты үй жылуға қосылды, - деді Жанболат Жамелхан.
Туризм туы тіктеледі
Күршім ауданында туризм саласы – болашағы зор бағыттардың бірі. Ауданның табиғи байлығы мен географиялық артықшылықтары туризмді дамытуға мол мүмкіндік беріп отыр.
- Туризмді дамыту бойынша бізде «2025-2030 жылдарға арналған Күршім ауданын кешенді дамыту» жоспары бар. Соның аясында Бұқтырма су қоймасының жағасына туристік айлақтар, демалыс кешендерін салу көзделген. 2024 жылы ашылған жаңа көпір маңында туристік нысандарды орналастыру үшін 51 гектар жер дайындалды. Учаскелер жуық арада аукционға шығарылады, - деді ауданның Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ришат Искаков.
Сонымен қатар Күршімнен 10 шақырым жердегі бұрынғы «Орақ пен балға» учаскесінде муниципалдық жағажай ашу жұмыстары жүргізілуде.
- Бұл аумақ инфрақұрылым тарту бойынша конкурсқа ұсынылды. Қазір 20-ға жуық кәсіпкер «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 30 млн теңгеге дейін несие алу үшін өтінім беріп жатыр. Бұл қаражат есебінен туристік нысандар бой көтермек, - деді ол.
Жергілікті кәсіпкерлерге көпір маңында сауда нысандарын салу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, демалыс орындарын жаңғырту, «Жастар аллеясы» мен этнопарк салу жұмыстары қолға алынбақ.
Айналма жол құрылысы қарқынды
Күршім ауылында қазір аудан орталығы арқылы өтетін ауыр жүк көліктерінің қозғалысын шектеуге арналған айналма жолдың құрылысы басталды. Бұл жоба тұрғындардың тыныштығы мен жол-көлік қауіпсіздігін сақтау мақсатында қолға алынған.
- Жоба 2024 жылы басталды. Облыстық бюджеттен 201 млн теңге бөлінді. Биыл тағы 9 млн теңге қаржы қарастырылды. Қазіргі уақытта мердігер компания жол салу жұмыстарын жүргізуде, - деді Күршім ауданының Сәулет, құрылыс, ТҮКШ және көлік бөлімінің басшысы Жанболат Жамелхан.
Айналма жолдың жалпы ұзындығы – 12 шақырым. Жобаны жүзеге асырып жатқан мердігер – «Терезе» ЖШС. Қаржыландыру көлеміне қарай жолдың құрылысы кезең-кезеңімен жүргізіліп, 2026 жылы толық аяқталады деп жоспарланып отыр.
- Биыл 2 шақырым жолды салып бітіру жоспарланған. Келесі кезеңде асфальт төсеу жұмыстары басталады. Бұл жол жүк көліктерінің елді мекенге кірмей, айналып өтуіне мүмкіндік береді, - деді Жанболат Жамелхан.
Әдемі АМАНГЕЛДІ
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер