A+ A A-

talgatzhan 44 13-06-2025, 14:40 0

Катонқарағайда қалам мен елдік өнегесі ұштасқан тағылымды жиын өтті

Бүгін / Катонқарағай

Катонқарағай ауданының төрінде өткен рухани-мәдени шара – ұлт әдебиетінің асыл арқауын ардақтаған, елдік пен еркін ойдың мәйегін танытқан тағылымды жиын болды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Алтайдың ақ бас шыңдары мен арынды өзендері күмбірлеген қасиетті Катонқарағай өңірі тағы бір тағдырлы күнге куә болды. Бұл жолы «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық фестиваль аясында көрнекті қаламгер, публицист, жазушы Дидахмет Әшімханұлының шығармашылығына арналған «Ұлттық рух жыршысы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Зияткерлік мазмұны биік бұл жиын салтанатты сахналық көрініспен ашылды. Шығыс Қазақстан облыстық драма және оперетта театрының өнер ұжымы қаламгердің өмірі мен рухани болмысын сахналық композиция арқылы әсерлі жеткізіп, көрермен жүрегіне жол тапты. Ел руханиятының тарландары – жазушы-журналист Мерке Құлкенов, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Нұрдәулет Ақыш, ақын Қалқаман Сарин, жазушы Әлібек Қаңтарбай, алаштанушы Елдос, ақын Серік Құсанбаев және Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет сынды қаламгерлер Дидахмет Әшімханұлының шығармашылық мұрасын терең толғап, сырлы естеліктерімен бөлісті.

Жиын барысында әдебиеттанушылар мен оқытушылар жазушы шығармашылығын ғылыми тұрғыда саралап, оның бүгінгі қоғамдағы идеялық, танымдық және тәрбиелік мәнін жаңа қырынан ашуға талпынды. Ұлттың рухани мұрасын ұлықтауда, жастарды отансүйгіштік пен адамгершілікке тәрбиелеуде қаламгердің еңбегі ерекше екені кеңінен айтылды.

Бұдан бөлек, конференция аясында Дидахмет Әшімханұлы мен Қалихан Ысқақтың өмірі мен шығармашылығына арналған арнайы көрме ұйымдастырылып, жазушы мұрасын паш ететін кітаптар мен тарихи фотосуреттер жұртшылық назарына ұсынылды.

Атадан қалған асыл сөздің аманатын арқалаған қаламгерлер бас қосқан конференцияға Қалихан Ысқақтың қызы Самал Ысқақова арнайы қатысып, тебіренткен жүрекжарды сөз арнады:

– Бұл шара – тек менің әкем үшін ғана емес, барша қазақ руханияты үшін үлкен мәртебе. Әкемнің сөзі мен мұрасын қадір тұтып, келешекке жеткізуде жасап жатқан еңбектеріңіз – ұлтқа деген құрметтің көрінісі. Баршаңызға алғысым шексіз, – деді ол.

Айта кетейік, жиын соңында қаламгерлер мерейтойына орай ұйымдастырылған көркемсурет байқауының жеңімпаздары марапатталып, руханиятқа үлес қосқан суретшілердің еңбегі ерекше атап өтілді. “Катонқарағай ауданының тұрақты даму” қорының директоры Серік Жүнісов жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар мен арнайы сертификаттар табыс етіп, олардың шығармашылығына құрмет білдірді.

Байқау жеңімпаздары:

1-орын – Әлішер Жүргенов

2-орын – Санжар Сырғабаев

3-орын – Талғат Қисметов

Сонымен қатар өзге де белсенді қатысушылар түрлі номинациялар бойынша марапатталып, қазақ руханиятын биіктеткен еңбектері әділ бағасын алды.

Катонқарағай төріндегі бұл тағылымды басқосу – елдік пен әдебиеттің, тұлға мен тарихтың тұтастығын танытқан рухани жаңғырудың жарқын көрінісі болды.

 

Нұрдәулет ҚАЛИБЕКОВ 

Фотосурет: Еркежан ОРАЛҒАЗИНА 

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив