Катонқарағай ауылында 9–14 маусым аралығында «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалі аясында ұлттық ат спорты түрлерінен XXIII ұлттық халықтық ойындар ұйымдастырылуда, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі
Биылғы жарыс Шығыс Қазақстанда ұлттық спортқа деген қызығушылықтың артып келе жатқанын айқын көрсетті.
ШҚО Дене шынықтыру және спортты дамыту орталығының директоры Саят Нұрғалиевтің айтуынша, сайысқа облыстағы 2 қала және 13 аудан спортшыларынан құралған командалар қатысуда.
– Бұл өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай өсім. Өткен жылы небәрі 9 команда бақ сынаса, биыл олардың саны 13-ке жеткен. Жалпы қатысушылар саны – 282 адам, – деді ол.
Жарыс бағдарламасына негізінен көкпар, аударыспақ, жамбы ату және теңге ілу сынды ұлттық спорт түрлері енген. Олар қазақ халқының бай мұрасын, батырлық пен шеберлікті паш ететін өнердің бір көрінісі.
Көкпар бәсекесіне – 156 спортшы, аударыспаққа – 100 палуан, ал амбы ату және теңге ілуге 26 спортшы қатысуда. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жарыстар жастардың ұлттық спортқа деген қызығушылығын арттырып, мәдени мұраны жаңғыртуда үлкен рөл атқарады. Сонымен қатар өңірлер арасындағы байланыс пен достықты нығайтуға да ықпал етуде.
Нұрдәулет ҚАЛИБЕКОВ
Фотосурет: Еркежан ОРАЛҒАЗИНА
Пікірлер