
Күршім ауданында туризмді дамыту үшін 27 млн теңге бөлінді
Ресми ақпаратты аудан басшысы Мейіржан Альбеков ұсынды. Айтуынша, бірқатар бастама «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатыр. Тағы бір елең еткізген ақпараттарының бірі сол, жанармай құю бекетінің құрылысы жоспарда тұр, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Жергілікті атқарушы билік пен жеке кәсіпкерлердің күш біріктіруінің арқасында өңірге серпін беретін жаңа туристік аймақтар мен инфрақұрылымдық нысандар бой көтеруде. Бұдан бөлек, туризмді дамытуға 27 млн теңгенің бірнеше жобасы мақұлданған. Сонымен қатар «Атамекен» микроқаржы ұйымына «Құлын» учаскесінде туристік жобаны жүзеге асыру – нақтырақ айтқанда, қонақ үйлер салу бойынша өтінім берілген. Аудан әкімі Мейіржан Әлбековтің айтуынша, қазір бағдарлама аясында қаралып жатқан жобалардың жалпы құны 98,6 миллион теңгеге жетіп отыр.
– 2024 жылы жеке кәсіпкерлеріміздің бірі Құйған ауылының маңында қонақүйлер құрылысын бастаған болатын. Құрылыс жұмыстары биыл толықтай аяқталды. Енді Бұқтырма су қоймасы маңындағы көпір аумағын абаттандыру және сауда-демалыс орындарын салу жоспарлануда, – деді ол.
Анықталғандай, аудан аумағында 8 гектарды құрайтын жаңа демалыс саябағы бой көтермек. Қазір көпір құрылысы кезінде пайдаланылған уақытша нысандарды бұзу жұмыстары жүргізілуде. Саябақ жобасы дайын, ал абаттандыру жұмыстары 2026 жылы басталады деп күтілуде. Оның аумағында келушілерге қызмет көрсететін киіз үйлер, сауда нүктелері, балық аулау құралдарын жалға беру бекеттері, сондай-ақ жұлдызды аспанды тамашалауға арналған арнайы алаң салынбақ. Бұл жоба ауданның туристік әлеуетін арттырып, табиғат пен демалысты сүйетіндерді одан әрі тартады.
Әкімі Шекелмес мүйісі мен Қиын Керіш шатқалын дамытып, мүмкіндігін кеңейту жоспарда бар екенін де айтты. Мемлекет басшысының 10 мың адамға шаққанда 100 жұмыс орнын құру туралы тапсырмасына сәйкес ауданда 126 тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарланған. Бүгінде оның 32-сі іске асырылды. Ал әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен көпбалалы аналарды қолдау мақсатында «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында 2024 жылы 30 тұрғын үй сатып алынған. Бұл, әсіресе, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мен көпбалалы отбасыларға тұрғын үй мәселесін шешуде үлкен көмек болды. Мәлім болғандай, биыл республикалық бюджет есебінен 85 шаршы метрлік 5 үй – көпбалалы отбасылар үшін, 70 шаршы метрлік – 7 үй әлеуметтік жағынан осал топтар үшін сатып алу жоспарланған.
– «ҚазМұнайГаз» компаниясы Күршім ауданында жанармай құю бекетін салуды жоспарлап отыр. Құжаттар мақұлданған жағдайда, құрылыс жұмыстары биыл басталмақ. Сонымен қатар жол қауіпсіздігі де назардан тыс қалған жоқ. Малдың жолға шығуы мәселесіне байланысты айып тұрақтары мен ескертпе макеттері орнатылған. Бұл бастама жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған.
Аудан аумағындағы бірнеше елдімекенде жол жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Атап айтқанда, Күршім ауылының Шәкәрім, Уражанов және Зангин көшелеріне 5,8 шақырым асфальт төселеді. Бурабай ауылын апаратын 2,6 шақырым, Күршім – Маралды бағытында 12-27 шақырым жолдар жөнделмек. Өткен жылы мұндай жұмыс Құйған, Ақши, Қалғұты және Маралды ауылдарында жүргізілген.
Нұрдәулет ҚАЛИБЕКОВ
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы

{calendar}
Пікірлер