A+ A A-

talgatzhan 34 19-06-2025, 13:00 0

Интернет сапасына сын көп:Үшбұлақ ауылының тұрғындары байланыс сапасына шағымданды

Бүгін / Өзекті мәселе / Күршім / Басты

Бұл тақырып бірінші рет көтеріліп отырған жоқ. Ең өкініштісі, облыстың барлық дерлік ауданындағы мәселелер тізбегі өзара үндестігінен айырылмай тұр. Шұрқ тесік жолдар, интернет машақаты, таза ауызсу және басқасы. Күршім ауданына қарасты Үшбұлақ елдімекені тұрғындары осыған дейін білдірген шағымдарынан соң әлі еш өзгеріс болмағандығын жеткізді. Жағдайды әкімдіктен біліп көрдік.



Ауылдастар атынан сөз алған тұрғын редакцияға бірнеше қайтара қоңырау шалды. Айнұр Қалиахметованың (аты-жөні өзгертілген) айтуынша, интернет жылдамдығының нашарлығы соншалық, күндіз жазған хабарлама кешқұрым бір-ақ жетеді.

– Былтыр желтоқсан айында ғаламтор мәселесі шешіледі деген еді. Ауа-райының бұзылуына байланысты жұмыстар сәуір, кейін мамыр айына қалдырылды. Бірақ еш шара қолға алынбады. Қазір кез келген жұмысты интернет арқылы істейміз ғой. Коммуналды төлемдерді де сол арқылы төлеу керек. Өзге де қажеттіліктер бар. Сол үшін мектепке баруға тура келеді. Дегенмен адам санының көптігінен барлығымыз бірдей ғаламторға кіре алмай қалып жатамыз.Басқа не істеуге болатынын білмейміз, – дейді ауыл тұрғыны.

Аталған мәселе бойынша Күршім ауданының әкімдігіне ресми сауалхат жолдаған едік. Аудан басшысының орынбасары Қайрат Әзімбаевтың сөзінше, бүгінде Үшбұлақ ауылында 260 адам тұрады.

– Елдімекенде байланыс пен интернет сапасының нашар екендігі рас. Себебіқазіргі уақытта Tele2 байланысының спутник жүйесі төмен орналасқан. Бұл туралы бірнеше рет ауызша шағым айтылды. Дегенмен интернет жүйесі тек мектептерде ғана жұмыс істемейді. Ауылдың ішінде Tele2 байланыс операторыныңSverige AB желісі ұстайды, – дейді ол.

Анықталғандай, Үшбұлақта интернет жылдамдығын арттыру үшін 2024 жылдан бастап антенна-мачта құрылғысы орнатылуда. Тиісті жұмыстар биыл тамыз айында аяқталады деп жоспарлануда.

– Үшбұлақ ауылынан батысқа қарай 5,4 шақырым жерде биіктігі 40 метр антенна-діңгек құрылысын салу жобасы бойынша 2024 жылдың 18 шілдесінде мердігер «Древстроймаркетинг» ЖШС-мен 147 348 068,25 теңгеге келісімшарт жасалды. Жоба 2025 жылға өтпелі, – дейді аудан әкімінің орынбасары.

Ресми сауалхат жауабына сүйенсек. Күршім ауданы бойынша 10 елдімекенде интернет желісінің өткізу қабілеттілігі нашар (0,5-2 мбит/с). Атап айтқанда, Топтерек, Алғабас, Бурабай, Теректібұлақ, Жолнұсқау, Қаратоғай, Маралды, Үшбұлақ, Бірлік, Сарыөлең.

– 2024-2025 жылдар аралығында АМС құрылыстары жүргізілуде. Амангелді ауылында солтүстік-батысқа қарай 7,3 шақырым, биіктігі 40 метр антенна-діңгек, Егіндібұлақ ауылында солтүстік-шығысқа қарай 15 шақырым, биіктігі 35 метр антенна-діңгек, Жолнұсқау ауылында биіктігі 30 метр антенна-діңгек және батысқа қарай 5,4 шақырым, биіктігі 40 метр антенна-діңгек салынуда, – деді Қайрат Әзімбаев.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін облыстағы 219 ауыл, яғни халықтың 96,7 пайызы ғаламторға қосылғаны туралы жазған едік. Қалған 138 ауылда 2027 жылдың соңына дейін интернет қосылады деп жоспарланып отыр.

Қымбат МУХАМАДИЕВА

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив