Биыл тамыз айында Күршім ауданына қарасты Бірлік ауылында 50 орындық мектеп ашылады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
- Мемлекет басшысының тапсырмасымен Бірлік ауылында 50 орындық мектеп пен балабақша салып жатырмыз. 2024 жылдың 1 тамызында жұмысты бастағанбыз. Ауқымы - 1136 шаршы метр. Мектептің ішкі жабдықталуын толығымен қамтамасыз етеміз. 30 тамызда қолданысқа беріледі, - деді "СМУ Шығыс" компаниясының өкілі Еркебұлан Қыдырмолдаұлы.
Аталған білім ордасы заман талабына сай салынған. Ішінде спорт зал, акт зал және шағын опталық бар.
- Біздің ауыл үшін қуанышты жаңалық. Биыл ауылымызға мектеп салынып жатыр. Ескі мектебіміз 1968 жылдан бері қолданыста болды. Ол ғимаратта спорт залы мен шағын орталық болмаған. Қыркүйектен бастап 40 оқушы, шағын орталыққа 15 оқушы келгелі отыр. Осы оқу жылын барлығы 55 оқушымен бастаймыз, - дейді Бірлік негізгі орта мектебінің директоры Нұрбек Ринат.
Ауылдық округ әкімінің айтуынша, ескі ғимарат бұзылмайды, оның орнына ауыл халқы жиналатын мәдени орталық немесе қатымхана ашылмақ.
Пікірлер