
Биылғы басты бастамалар: ШҚО қала, аудандарын қандай өзгерістер күтіп тұр?
Жыл сайын аймақты дамыту бағытында жоспарлар құрылып, жаңа жобалар іске асырылады. Мұның бәрі жергілікті жұрттың жағдайын түзетіп, өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Осыған байланысты облыста қолға алынған бастамаларға жеке-жеке тоқталып кетейік, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Катонқарағай ауданы
Осы жыл катонқарағайлықтар үшін жағымды жаңалықтарға толы болмақ. Ауданда бірнеше ғимарат ашылып, тұрғын үйлер бой көтереді деп жоспарланған. Осылайша, жыл аяғында дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылады. Катонқарағай ауылында «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша баспаналардың құрылысы басталады. Бұдан бөлек, Өрел ауылынан Аршаты ауылына апаратын жолды жөндеу қолға алынбақ. Осы күзде Топқайын ауылындағы көптен күткен су құбыры қалпына келтірілетін көрінеді.
Естеріңізге сала кетейік, өткен айда Шыңғыстай ауылы маңында сағатына 80 тоннаға дейін өнім шығаратын жаңа асфальт зауыты жұмысын бастады. Жобаға 280 миллион теңге көлемінде жеке инвестиция тартылып, 10 тұрақты жұмыс орны құрылды. Ал зауыттың негізгі жабдықтары мен құрылыс материалдары Қытайдан жеткізілген. Жергілікті биліктің айтуынша, бұл зауыт жай өндірістік орын емес, аудандағы таулы ауылдардың сапалы жолмен қамтамасыз етілуіне серпін беретін стратегиялық маңызы бар нысан.
Күршім ауданы
Ауданда тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету мақсатында бірқатар жоба қолға алынып, бірнеше маңызды нысан ашылады деп күтілуде.
Мәселен, Сарыөлең ауылдық округіне қарасты Бірлік ауылында жаңа мектеп ғимараты пайдалануға берілмек. Заманауи үлгіде салынған білім ошағы ауыл балаларының сапалы білім алуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар Күршім ауылында жастардың бос уақытын тиімді өткізіп, түрлі бағытта дамуына жағдай жасайтын Жастар ресурстық орталығы ашылады деп күтілуде. Бұдан бөлек, мұндағы «Төретоғам» ЖШС-ға жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Одан соң 40-қа жуық адам жұмыспен қамтылады деп болжануда.
Ал Ақсуат ауылындағы клуб ағымдағы жөндеуден өтіп, тұрғындарды қуантады деген сенім мол. Күршім ауылындағы №5 жылу қазандығы да күрделі жөндеуден кейін іске қосылады. Бұл өз кезегінде ауыл тұрғындарын жылумен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Марқакөл ауданы
Биыл Игілік ауылында 50 орынға, Төсқайың ауылында 100 орынға, ал Қайнарлы ауылында 50 орынға арналған білім ордалары оқушыларға есігін айқара ашады деп жоспарланған. Сондай-ақ Игілік ауылында әлеуметтік осал топқа арналған 6 пәтер пайдалануға беріледі. Жергілікті тұрғындардың бос уақытын өткізу үшін Марқакөл ауылындағы «Жеңіс» саябағы абаттандырылады.
Өскемен қаласы
Осы жылы жол инфрақұрылымын жақсарту бағытында бірқатар жұмыс атқарылады. Шаһардағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 800 шақырымды құрайды, оның тек 400 шақырымында асфальтбетон жабыны бар. Қазіргі таңда 35 учаскеде (21 шақырым) орташа жөндеу жұмыстары жоспарланған.
Бүгінде 34 учаскенің 23-інде жұмыстар аяқталды. Бұдан бөлек, 46 шақырымның 29-ын қиыршық таспен жөндеу, 9,6 шақырымның 2,4-інде тротуар бөлігін орнату жүргізілуде.
Қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру да назардан тыс қалмады. Жеңіс және Сәтбаев даңғылдарындағы үйлердің қасбеттері жарықтандырылып, облыстық филармония маңындағы сквер ретке келтірілді. Қазақстан көшесіндегі аумақты, Ертіс жағалауы мен көпір астындағы кеңістікті абаттандыру, Шешек тауында демалыс орнын ашу да қолға алынды.
Облыс орталығындағы жағымды жаңалықтардың бірі – балалардың қоғамдық көліктерде тегін жүруі. Естеріңізге сала кетейік, 7 сәуірден бастап «ONAY!» төлем жүйесі іске қосылған еді. Қазіргі уақытта 7-18 жас аралығындағы балаларға, басқа мемлекеттер аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысушыларға (Қарабақ, Тәжікстан-Ауғанстан шекарасы, Ирак) тегін жүру мүмкіндігін беру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Аталған өзгеріс қыркүйекте қабылданады деп жоспарлануда.
Бұдан бөлек, Қ.Қайсенов кенті маңында жаңа индустриялық аймақ құрылады деп күтілуде. Қала әкімі бекіткен алгоритм бойынша тиісті рәсімдер басталды. Топографиялық түсірілім жұмыстары аяқталғаннан кейін учаскенің шекарасы анықталады. Мұнда қала экономикасының өсуін ынталандыратын және инвестицияларды тартуға ықпал ететін жобалар жүзеге асырылады.
Естеріңізге сала кетейік, биыл облыс орталығындағы Тургенев көшесі, 30 мекенжайында мемлекеттік ғимарат оңалту орталығы мен дағдарыс бөлімшесінің қажеттілігіне берілді. Мұнда тірек-қимыл аппараты бұзылған бүлдіршіндер, аутизм спектрінің бұзылыстары бар 18 жасқа дейінгі ерекше балалар емделе алады. Сондай-ақ қиын өмірлік жағдайдағы отбасыларға арналған дағдарыс бөлімшесіндегі төсек-орын саны ұлғайтылды.
Қымбат МУХАМАДИЕВА
Фотосуреттер ашық дереккөзден
Соңғы жаңалықтарды ресми Instagram арнамыздан оқыңыз!
ТіркелуПайдалы
Руханият

Жұлдыз жорамал

Пікірлер