A+ A A-

talgatzhan 32 3-09-2025, 16:20 0

Тарбағатай ауданында 7 адамға кәсіп бастау үшін грант берілді

Бүгін / Тарбағатай

Бұл туралы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Құрманғазы Слямжанов мәлім етті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Ауыл жастарын қолдау 
Бүгінде жұмыссыздықты төмендетуге арналған бірқатар іс-шара қолға алынған. 
- Аудандық мансап орталығы ай сайын бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізеді. Соның нәтижесінде ауданда білім және денсаулық сақтау саласы бойынша мамандарға сұраныс жоғары екені айқындалды. Жастарды жұмысқа тарту немесе кәсіпкерлікке бейіндеуге көп көңіл бөлінуде. Ал NEET санатындағы жастар үшін көшпелі дәрістер мен қысқа мерзімді курстар өткізіледі, - деді Құрманғазы Слямжанов.
Ауыл жастарын жұмыспен қамту мақсатында субсидияланатын жұмыс орындары шеңберінде "Жастар практикасы" мен “Алғашқы жұмыс орындары” бағыттары бойынша да жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. 
- Жастарға еңбекақы мемлекет тарапынан төленеді. Бұл ауылдардағы кадр тапшылығын азайтуға және жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендетуге ықпал етеді, - дейді бөлім басшысы. 

Баспана беріледі 
2025 жылдың I тоқсанында аудандағы 91 отбасыға, ІІ тоқсанында 83 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Ал көпбалалы аналарға арнайы қаражат бөлінді. 
- Халықаралық әйелдер күнінде «Алтын алқа», «Күміс алқа», «Ана даңқы орденімен» марапатталған және бұрынғы «Батыр ана» атағын алған 488 анаға 7 млн 320 мың теңгенің, 18 жасқа толмаған 4 және одан да көп баласы бар 577 анаға 8 млн 655 мың теңге бір реттік қаржылай көмек көрсетілді. “Жанұя” отбасын қолдау орталығының қызметкерлері мен демеушілер әлеуметтік осал топқа жататын, көпбалалы және аз қамтылған 21 отбасыға азық-түлік таратты. ҚР Конституциясы күніне орай 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың 59 баласына 885 000 мың теңгеден берілді, - деді Құрманғазы Слямжанов.
Белгілі болғандай, биыл 8 көпбалалы және 12 әлеуметтік осал топтағы отбасы қоныс тойын тойламақ. 
- Ауданымызда зейнет жасындағы адамдарға әлеуметтік қызмет көрсететін «Белсенді ұзақ өмір сүру» бөлімшесі жұмыс істейді. 8 ауылдық округте ашылған 12 бөлімше 235 орынды қамтиды. Онда 12 түрлі үйірме бар. Жыл басынан бері протезді-ортопедтік көмекке 26, тифлотехникалық құралдарға 2, арнайы жүріп-тұру құралы кресло-арбаға 8 және міндетті гигиеналық құралдарға 68 адам өтінім білдіріп, қажет заттармен қамтамасыз етілді. Тағы 9 қарт шипажайда ем алды. Бірінші топтағы мүгедектігі бар 8 адамға жеке көмекшілер берілді. Ал арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында 79 жалғызілікті қарт пен 121 мүгедек жан үйден арнаулы әлеуметтік қызмет алады, - дейді аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы. 

Кәсіп бастауға көмек 
Жалпы биыл Тарбағатай ауданы бойынша 7 азамат қайтарымсыз грант иегері атанды. Олар әлеуметтік осал топқа жататын, табысы төмен тұрғындар қатарынан іріктелді. 
- Әрбір грант иесі 400 АЕК көлемінде қаржы алды. Оны шағын кәсіп ашуға немесе бұрыннан бар ісін кеңейтуге жұмсайды. Грант иегерлерінің кәсібі түрлі саланы қамтиды. Мәселен, мал шаруашылығы, тігін цехі, наубайхана, кондитерлік өнім шығару. Бұл көмекке мұқтаж жандарды қолдап қана қоймай, аудан экономикасын әртараптандыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға сеп болары сөзсіз. Осылайша, ауданда жұмыссыздық деңгейін төмендету, халықты кәсіптік оқыту, қайта даярлау және өз ісін бастауға ынталандыру бағытындағы шаралар өз жемісін беруде. Аз қамтылған және әлеуметтік жағынан әлсіз топтармен атқарылып жатқан істер бұл саланың дұрыс бағытта дамып келе жатқанын көрсетеді, - деді Құрманғазы Слямжанов.

Қымбат МУХАМАДИЕВА

Біздің инстаграмға жазылыңыз

Жаңалықтарды басқаларға қарағанда тезірек көріңіз

Жазылу
0 0 0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив